Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

150-ден астам қазақстандық 2 млрд теңгеге жуық шығынға ұшырады

150-ден астам қазақстандық 2 млрд теңгеге жуық шығынға ұшырады

Wildberries маркетплейсінде жұмыс істейтін Қазақстанның 150-ден астам сатушысы Ресейдегі логистикалық қоймаларға жасалған дрон шабуылдарының салдарынан шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Қазақстанның e-commerce сатушылар қауымдастығының мәліметінше, алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 2 млрд теңгеге жеткен.

Қауымдастықтың хабарлауынша, бастапқыда жоғалған тауарлардың құны 1,5 млрд теңгеден асады деп бағаланған. Алайда кәсіпкерлерден жаңа мәліметтердің түсуіне байланысты шығын көлемі артып отыр. Қазіргі уақытта 150-ден астам компания өз шығынын тіркеген.

Бұл – Wildberries платформасында жұмыс істейтін қазақстандық сатушылардың тек бір бөлігі ғана. Бүгінде маркетплейсте Қазақстаннан 120 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Алайда шығын тек шабуылға ұшыраған қоймаларда тауары сақталған сатушыларға қатысты болып отыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олардың бірқатары алдағы айларда сатуға жоспарланған тауар қорының басым бөлігінен айырылған. Нәтижесінде олар тауар құнынан бөлек, сатылымнан түсетін табысты жоғалту, жеткізу тізбегінің бұзылуы және ассортиментті қайта қалпына келтіру сияқты қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Wildberries компаниясы зардап шеккен серіктестерге өтемақы төлеу басталғанын хабарлады. Ең алдымен өтемақы шағын кәсіпкерлерге беріліп жатыр. Сонымен қатар компания уақытша сақтау және логистика қызметтерінің тарифтерін төмендеткен. Wildberries толық шығын көлемін шамамен 30 күн ішінде анықтауды жоспарлап отыр.

Бұл жағдай ресейлік маркетплейстер арқылы сауда жасайтын қазақстандық кәсіпкерлер үшін соңғы жылдардағы ең ірі шығындардың бірі болуы мүмкін. Сала өкілдері өтемақы төлеу тетігі кәсіпкерлердің жұмысын қысқа мерзімде қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Ұқсас материалдар