Қазақстандағы ішкі туризмнің танымал бағыттарының бірі - Алакөлге жазғы маусымда аптасына 28 рет Астана, Алматы және Талдықорған қалаларынан 3 авиарейс жүзеге асырылуда. Бұл туралы Алакөл көліндегі туризмге арналған баспасөз туры барысында Жетісу облыстық Кәсіпкерлік және инновациялық, индустриялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Искаков айтты.
«Оның ішінде 2 рейс субсидияланған, олар «Алматы-Үшарал» және «Талдықорған-Үшарал», 1 коммерциялық «Астана-Үшарал. Жекелей айтсақ, Алматыдан «Оңтүстік аспан» әуе компаниясы аптасына 10 рет ұшады. Билет бағасы 18000 теңге. Талдықорғаннан «Жетісу» әуе компаниясы аптасына 14 рет қатынайды, билет бағасы 8000 теңге. Астанадан «Qazaq Air» аптасына 4 рет ұшады», дейді Данияр Искаков.
Ал теміржол арқылы Алматы, Астана қалаларынан, Шығыс Қазақстан облысынан және Абай облысынан 12 теміржол рейсі келеді, оның ішінде «Астана- Достық» қатынасымен «Тальго» пойызы бар. Тек жолда жүру уақыты ұзағырақ болуы мүмкін, 30 сағатты құрайды.
Сондай – ақ, жазғы кезеңде «Алматы қаласы – Ақши ауылы – Көктұма ауылы», «Талдықорған қаласы – Ақши ауылы – Көктұма ауылы» тұрақты маршруттары бойынша 50 орындық автобустар күнделікті жүреді. Бұған дейін көпшілікті жол мәселесі алаңдататын. Алматыдан Алакөлдің Шығыс Қазақстан жағына кейде 12 сағатқа дейін, Жетісу облысындағы Ақши, Көктұма ауылдарына 8-9 сағат жол жүруге тура келетін. Биыл Алакөл, Көктұма ауылдарына дейін тегіс жолмен келуге болады. Жолдағы уақыт 3-4 сағатқа қысқарған.
Облыстағы көл жағалауына апаратын негізгі автомобиль жолы – «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жолының ұзындығы 314 шақырымды құрайды. Биыл жол толық жасалып, қолданысқа берілген. Алайда демалушылар екіжолақты жолдың қаупі көп, республикалық маңызы бар үлкен жол кеңейтілсе, дейді.
Қазақстандық ішкі туризмдегі жиі айтылатын мәселе - санитарлық тораптар мен дәретханалар, демалыс орындарының сумен қамтылуы.
Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығының дерегіне сүйенсек, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жолына 2023 жылы 4 санитарлық-гигиеналық торап орнатылған. Атап айтқанда, Қызылағаш ауылының оң жағында 323 шақырым, Жансүгіров ауылының сол жағында 386 шақырым, сол жақта 472 шақырым, оң жақта 509 шақырым. Алайда жол бойы мен туристік нысандарда дәретхана мәселесі шешілді деп түбегейлі айтуға болмайды.
Баспасөз туры барысында мұны БАҚ өкілдері де көзбен көрді. Жергілікті кәсіпкерлер де растап отыр. Олар сонымен қатар үлкен мәселенің бірі - электр және кәріз жүйесі, дейді.
«Meruert Resort» ДО директоры Алишер Манниковтің айтуынша кәріз жүйесі салынған, бірақ іске қосылмаған. Кәсіпкерлер қолдан септик қазып, амалдауда.
Жетісу облыстық Кәсіпкерлік және инновациялық, индустриялық даму басқармасы басшысының орынбасары бұған себеп - жосықсыз мердігер екенін айтады. Оның кінәсінен кәріз жүйесіне қатысты жұмыстар созылып кеткен, қазіргі таңда қаражат сот шешімімен қайтарылуда.
«Кәріз жүйесі бойынша жоба-сметалық құжаттама түзетуден өтіп жатыр. Ол жасалып біткен соң бізде 7 мың кубтық, үлкен кәріз қондырғысы жұмыс жасайтын болады. Ол осы екі ауылға жұмыс жасайды. Жазда бар күшімен жұмыс жасап, қыста тоқтайды. Ақши ауылының кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылы басталды. Қазіргі уақытта 95 шақырым кәріз жүйесі салынып бітті. Кәріз қондырғысын салу жұмыстары жүргізілуде, ол алдағы 2 жылда аяқталады. Бөлінген қаражат - кәріз жүйесіне 1 млрд, кәріз қондырғысына 7 млрд теңге», дейді ол.
Оның айтуынша санитарлық-гигиеналық торап мәселесі біртіндеп шешіледі.
«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» транзиттік дәлізін қайта жаңарту аясында 10 СГТ орнату жоспарланған. Оның 4 -і бұрынғы жоспардан қалған, 6 дайындау сатысында.
«Жарық жүйесіне келсек, Ақши, Көктұма ауылдары толық электр жүйесімен қамтылған. Бірақ шегінде жұмыс жасап тұр. Оны дамыту үшін «Бескөл- Ақши» электр желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаты дайын, келесі жылы жұмысы басталады. Мұның арқасында электр қуаты 2-3 есе артады», дейді Данияр Искаков.
Айта кетейік, туристер Алакөлге жеткенше жанармай құю, тамақтанудан таршылық көрмейді. Жол бойында 7 жанармай құю бекеті, 2 жол бойындағы кешен, 1 кафе жұмыс істейді. Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығы Ақши, Көктұма ауылдарында демалушылар саны жыл сайын көбеюде. Қазіргі кезде күніне 20 мыңға жуық, жылына 1,5 млн турист демалады.
Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нуриевтің айтуынша демалушылардың санын 2 млнға жеткізу жоспары бар.