Мәжіліс Үкімет пен ОПЕК Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектор жобаларын қолдауға бағытталған Рамалық келісімді ратификациялады.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, Қор Қазақстандағы инвестициялық жобаларға мемлекет кепілдігін талап етпей, жылдық 2,5-5% мөлшерлемемен несие береді.
Келісім аясында Қордың табыстары тікелей салықтардан босатылады, ал валюта айырбастау және қаражат аудару еркін жүзеге асырылады. Қор Қазақстанда кеңсе ашпайтындықтан, ҚҚС-тен басқа жер, мүлік, көлік және табыс салықтары қолданылмайды.
Жұмыс басталған алғашқы үш жылда ОПЕК қоры Қазақстанда 200-400 млн доллар көлемінде түрлі жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр. Әмриннің айтуынша, бұл келісім елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.





