Алматыда Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ірі сауда желілеріне жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Нәтижесінде 420-дан астам кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Себебі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке рұқсат етілген 15% шекті сауда үстемесін негізсіз көтерген.
32 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Заң бұзушылықтар Small, Toimart, Galmart, JLC, А-стор, My Mart, Беккер, Carefood, сондай-ақ Food Beverage Trading, Airba Fresh, Good Luck Trade, Mix Market Trade сияқты компанияларда анықталған.
«Метро» сауда желісінің жауапкершілікке тартылуы алғаш рет емес. Компания 2024 жылы да сотқа жүгінгенімен, Жоғарғы сот оның шағымын қанағаттандырмаған.
Сонымен қатар, SMALL сауда желісі департамент қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіргені үшін де жеке бап бойынша әкімшілік жаза алды.
Қалада үй жанындағы дүкендердегі бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерді анықтау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.





