
Lynk & Co және Zeekr Intelligent Technology (Geely-ге тиесілі) бірігуі нәтижесінде құрылған Zeekr Group «Қытай нарығында BMW, Mercedes-Benz және Audi-дан толық озып кетуді» мақсат етеді және алдағы екі жыл ішінде люкс электромобильдер секторындағы жетекші ойыншылардың бірі болуға үміттенеді.
Компания осы жылы топ электромобильдер сатылымын 40%-ға, 710 мың данаға дейін ұлғайтқысы келеді, Lynk & Co 390 мың, Zeekr - 320 мың автокөлік сатады деп күтуде.
Lynk & Co биыл екі, Zeekr - үш жаңа модель шығаруды жоспарлап отыр. Lynk & Co 900 моделі екінші тоқсанда, ал Zeekr-дің жаңа үлгілері екінші, үшінші және төртінші тоқсанда шығарылады.
The Wall Street Journal-дың жазуынша Zeekr Group бас директоры Ан Конгхуи қызметкерлерге «Бұл сіздер жеңетін немесе жеңілетін жыл, әрбір қадам өмір мен өлім мәселесі», - деп хат жазған. Соған қарағанда компания үшін биыл шешуші жыл болмақ.
Сонымен қатар, Zeekr Group өз бизнесін шетелде, әсіресе Еуропада, Шығыс Азияда және Таяу Шығыста кеңейту ниетін жариялады. Холдинг шетелдік сауда нүктелерінің санын 200-ге жеткізуді жоспарлап отыр.