Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

2025 жылдың қараша айындағы Қытайдағы ең танымал автокөліктер

2025 жылдың қараша айындағы Қытайдағы ең танымал автокөліктер

«Китайские автомобили» басылымы жергілікті дилерлер қауымдастығы (CADA) Жеңіл автомобильдер нарығы жөніндегі ақпарат қауымдастығының (CPCA) қолдауымен 2025 жылдың қараша айындағы Қытайдағы ең танымал автокөліктер мен брендтерді анықтады.

Танымал брендтер көшін BYD бастап тұр. Алайда оның нарықтағы нәтижелері өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай әлсіреген. Атап айтқанда, осы қараша айында Қытайда 258,9 мың адам BYD маркалы жаңа автомобильдің иесі атанды. Бұл 2024 жылдың қарашасындағы көрсеткіштен 35% төмен.

Бұған дейін BYD директорлар кеңесінің төрағасы Ван Чуаньфу сатылымның төмендеу себептерін түсіндірген болатын. Оның айтуынша, компанияның технология саласындағы басымдығы бұрынғыдай айқын емес. Бұл бәсекелестіктің үнемі күшеюімен байланысты. Дегенмен, топ-менеджер 2026 жылы BYD бірнеше озық технологияны ұсыну арқылы қайтадан алға шығатынын мәлімдеді.

Рейтингтің екінші және үшінші орындарын Volkswagen мен Toyota иеленді. Қараша айында олар тиісінше 158 мың және 136 мың автомобиль сатты. Ал төртінші орынға Geely Galaxy бренді орнықты. Бұл — гибридтер мен электромобильдер шығаратын Geely компаниясының бөлімшесі. Жылдың 11-айында бренд 123 мың автомобиль өткізген.

Бесінші орынды SAIC, General Motors және Wuling компанияларының бірлескен жобасы — Wuling бренді иеленді. Ол қарапайым құрылымды, қолжетімді автомобильдерді сатуға бағытталған. Қараша айындағы сатылым көлемі 111,2 мың бірлікті құрады.

Geely бренді Үздік бестікке бір қадам жетпей тоқтады — 87,8 мың автомобиль. Жетінші орынды, қазан айындағыдай, Huawei компаниясының автомобильдік бөлімшесі — HIMA иеленді. Ол Aito, Luxeed, Stelato, Maextro және Saic (Shangjie) брендтерін сатады. Қарашада 81,8 мың автомобиль өткізе алды. Сегізінші орында — Tesla (73,1 мың). Тоғызыншы орынға Nissan (62,3 мың) жайғасты. Ал алғашқы ондықты Leapmotor 61 мың автомобиль нәтижесімен түйіндеді.

Танымал автокөліктер арасындағы бірінші орынды Wuling Hongguang Mini EV электрлі сити-кары иеленді. Бір айда бұл модельдің 56,8 мың данасы сатылды. Еске салайық, бұл хэтчбэктің бағасы 35,8–50,8 мың юаньды (2,63–3,74 миллион теңге) құрайды.

Екінші орынға 47,1 мың сатылым нәтижесімен Tesla Model Y кроссовері шықты. Илон Масктың бұл моделі Қытай нарығында жоғары позициясын сақтап отыр. Кейбір айларда америкалық SUV-тың сатылымы айтарлықтай төмендейді. Бұл Tesla-ның Шанхайдағы зауытының кезекпен экспортқа және ішкі нарыққа арналған партияларды шығаруымен байланысты. Қытайдағы Model Y бағасы 263,5–313,5 мың юань (19,37–23,03 миллион теңге).

Жалпы есепте үшінші орынды Geely EX2 (Xingyuan) хэтчбэгі иеленді. Бұл модельді 42 мың адам сатып алды. Қытайда оны 68,8–98,8 мың юаньға (5,06–7,26 миллион теңге) алуға болады. Айта кетейік, жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Xingyuan 429,6 мың даналық жалпы сатылыммен Қытайдағы ең танымал автомобиль атағын сақтап отыр.

Төртінші орынға Nissan Sylphy бензинді седаны жайғасты. Одан кейін гибридті BYD Qin Plus седаны тұр. Ал алтыншы орынды Xiaomi YU7 электрлі кроссовері иеленді. Ол жеке сатылым рекордын тағы да жаңартып, 33,7 мың автомобиль сатты. Дегенмен, қазіргі таңда Xiaomi бренді үшін негізгі шектеуші фактор зауыттардың өндірістік қуаты болып отыр. Әйтпесе сатылым көлемі бұдан да жоғары болуы мүмкін еді.

Жетінші орында Geely Atlas төртінші буын кроссовері тұр. Ол Volkswagen Sagitar бензинді седанынан озып шықты. Тоғызыншы орынға Tesla Model 3 жайғасты. Model Y-ге қарағанда, бұл седан Қытай нарығының элитасына сирек енеді. Ал алғашқы ондықты Huawei мен Seres бірлесіп шығарған жаңа Aito M7 кроссовері түйіндеді.

Ұқсас материалдар