2025 жылы Қазақстанда бала тууына және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты мемлекеттік төлемдермен 565,7 мың адам қамтылды.
Бұл мақсатқа республикалық бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) қаражаты есебінен 806,8 млрд теңге бағытталған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Бала тууына берілетін жәрдемақы
2025 жылы республикалық бюджеттен бала тууына байланысты жәрдемақы 338 мың адамға төленіп, оның жалпы сомасы 61,1 млрд теңгені құрады. Желтоқсан айында бұл төлемді 25,9 мың адам алып, 4,7 млрд теңге бөлінді.
Аталған жәрдемақы бала туған, асырап алған немесе қамқоршылыққа алған Қазақстан азаматтарына, қандастарға және елде тұрақты тұратын шетелдіктерге беріледі.
Бала күтіміне арналған жәрдемақы
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын азаматтар үшін бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты жәрдемақы қарастырылған. Есепті кезеңде бұл төлеммен орта есеппен 125,3 мың адам қамтылып, 44 млрд теңге төленді.
2025 жылғы жәрдемақы мөлшері:
- 1-3-балаға – 38 АЕК (149 416 теңге)
- 4 және одан кейінгі балаға – 63 АЕК (247 716 теңге)
Ай сайынғы бала күтімі жәрдемақысы:
- 1-балаға – 22 648 теңге
- 2-балаға – 26 777 теңге
- 3-балаға – 30 866 теңге
- 4 және одан кейінгі балаға – 34 995 теңге
Жұмыс істейтін аналарға төленетін әлеуметтік төлемдер
Жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға байланысты МӘСҚ-тан біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалады. 2025 жылы бұл төлемді 200,8 мың адам алып, жалпы сома 276,2 млрд теңгені құрады. Орташа төлем мөлшері 1,4 млн теңгеден асты.
Сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем 239,6 мың адамға тағайындалып, оның жалпы көлемі 425,5 млрд теңгені құрады. Орташа айлық төлем мөлшері 85 993 теңге болды.





