
2025 жылдың басынан бері елімізде 443 мыңға жуық адам жалпы сомасы 570,7 млрд теңгеге мемлекеттік жәрдемақылармен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) арқылы төленетін әлеуметтік төлемдермен қамтылды.
Бала тууына байланысты жәрдемақыны 230,8 мың адам алды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 41,7 млрд теңге бөлінді. Тамыз айында бұл төлемді 29,2 мың адам алды (5,3 млрд теңге).
Бала күтіміне байланысты жәрдемақымен орта есеппен 124,3 мың адам қамтылып, жыл басынан бері 29,1 млрд теңге төленді. Тамыз айында бұл көмекті 125,8 мың адам алды (3,7 млрд теңге).
Биылғы жылы жәрдемақы мөлшерлері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 6,5%-ға өсуімен белгіленген. 2025 жылғы бала тууына арналған жәрдемақы көлемі:
-
1-3-балаларға – 149 416 теңге (38 АЕК),
-
4 және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңге (63 АЕК).
Бала күтімі үшін ай сайын төленетін жәрдемақы:
-
1-балаға – 22 648 теңге,
-
2-балаға – 26 777 теңге,
-
3-балаға – 30 866 теңге,
-
4 және одан кейінгілерге – 34 995 теңге.
Жүктілік және босану бойынша біржолғы әлеуметтік төлемді 148,3 мың адам алып, жалпы төлем сомасы 210,6 млрд теңгені құрады. Орташа төлем көлемі – 1 500 347 теңге.
Бала күтіміне байланысты табыстан айырылу жағдайында тағайындалатын МӘСҚ төлемдерін 170,4 мың адам алды. 2025 жылдың 8 айында бұл бағытқа 289,3 млрд теңге жұмсалды. Төлемнің орташа айлық мөлшері – 87 849 теңге.