Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

2028 жылға дейін 10 мың шақырым жол жөнделеді

2028 жылға дейін 10 мың шақырым жол жөнделеді

Көлік министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған автожол саласын дамыту бағыттарын бекітті.

Құжат инфрақұрылымды жаңғыртуға, жол сапасын арттыруға және елдің транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Жоспарға сәйкес, жол жабыны түрлерін таңдау тәсілдері қайта қаралады. Көлік жүктемесі жоғары, әсіресе халықаралық бағыттарда цементбетон жабындарын қолдану кеңейтіледі. Ал шағын елді мекендерге апаратын жолдарда қиыршық тас пен шағал жабындарына басымдық беріледі.

Құжатта транзиттік дәліздерді дамытуға ерекше назар аударылған. Негізгі жобалар қатарында «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл», «Сексеуіл – Ұлғайсын» және «Жаңаөзен – Кендірлі – Темірбаба» бағыттары бар.

Сонымен қатар орташа жөндеу көлемі ұлғайтылып, 2028 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 10 мың шақырымы жөндеумен қамтылады.

Бағдарлама аясында ұлттық автожол операторының қызметін дамыту көзделген. Бұл оның қаржылық тұрақтылығын арттыруға және инвестициялық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Саланы технологиялық жаңғырту да назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, полимермен модификацияланған битумдарды қолдану, жобаларды ғылыми-техникалық сүйемелдеу және жаңа материалдарды енгізу жоспарланған.

Бұл бағытта «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) маңызды рөл атқарады. Институт жобаларды сараптауға, зерттеулер жүргізуге және жаңа технологияларды енгізуге қатысады.

Сондай-ақ жол инфрақұрылымын цифрландыру қарастырылған. Негізгі бағыттарда талшықты-оптикалық желілер дамытылып, 5G технологиялары енгізіледі. Бұл интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға негіз болады.

Жалпы, қабылданған шаралар жол сапасын арттырып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Ұқсас материалдар