Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

4 жаңа су қоймасы салынып, 7 су қоймасы жаңғыртылады

4 жаңа су қоймасы салынып, 7 су қоймасы жаңғыртылады

Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту аясында 4 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 7 су қоймасы реконструкцияланады.

Сонымен қатар жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырым ирригациялық канал жаңартылып, күрделі жөндеуден өтеді.

Бұл мәселе Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесуінде талқыланды.

Кездесу барысында тараптар халықаралық қаржы ұйымының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының алғашқы кезеңінің орындалу барысын қарастырды. Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға қажетті ұйымдастыру жұмыстары аяқталып, халықаралық консультанттар анықталған.

Министрліктің мәліметінше, ирригациялық каналдарды реконструкциялауға бағытталған 88 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Сонымен қатар жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға қатысатын мердігер ұйымдарды іріктеу рәсімдері жүргізіліп жатыр.

Жалпы Ислам даму банкімен жасалған келісім аясында 151 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде төрт жаңа су қоймасының құрылысы, жеті су қоймасын реконструкциялау және 2,8 мың шақырым ирригациялық каналдарды қайта жаңарту жұмыстары бар.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов министрлік пен Ислам даму банкі арасындағы әріптестіктің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген міндеттер бірлескен күш-жігердің арқасында толық орындалады.

Өз кезегінде Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер бірлескен жобалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдіріп, Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту тәжірибесі банкпен әріптестік орнатқан өзге елдер үшін де тиімді үлгі бола алатынын айтты.

Ұқсас материалдар