594 блогер 53 млрд теңге салығын жасырып отыр – Мемлекеттік кірістер комитеті

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылау кезінде 594 блогер 53,3 млрд теңге салығын жасырғанын анықтады.
Салық органдары жеке тұлғалардың, соның ішінде блогерлердің салық міндеттемелерін толық орындап-орындамағанын тексерген. Камералдық бақылау кезінде бес жүзден астам блогер табысын азайтып көрсеткені белгілі болды.
«Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді ұсынылған салық декларацияларымен салыстырғаннан кейін 594 тұлға бойынша 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздіктер анықталды. Нәтижесінде оларға 13-14 ақпан аралығында «кірісті төмендету» заңбұзушылығы бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», – делінген хабарламада.
Салықшылардан осындай хат алған блогерлер есептелген салықты төлеп, қосымша салық есебін тапсыруға тиіс. Егер келіспесе, түсініктеме жазуы керек. Хабарламаны орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды.
Комитет әртүрлі интернет-ресурстарда жарияланған онлайн жарнамадан, ақпарат өнімдерін, курстарды сатудан және ұтыс ойындарынан түскен табыстан міндетті түрде салық төлеу қажет екенін ескертті. Бұл міндеттемелер Қазақстан Конституциясы мен Салық кодексінде белгіленген, – деді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Айтпақшы, кеше танымал қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев барлық блогерлерге салық органдарынан хат келгенін жазған болатын. Оның айтуынша, кейбір блогерлерге 300-400 млн теңгеден, біреуіне тіпті бір миллиард теңгеден салық төленбеген деген хабарлама келген. Ал өзіне де хабарлама келген ол 100 млн теңге салық жасырған әріптестері бар екенін жайып салды.