Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«7-20-25» бағдарламасы бойынша алаяқ делдалдар көбейген

«7-20-25» бағдарламасы бойынша алаяқ делдалдар көбейген

Қазақстанның орнықтылық қоры қазақстандықтарды «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аясында әрекет ететін алаяқ делдалдардан сақ болуға шақырды.

Қор мәліметінше, өзін ипотекалық брокер, кеңесші немесе «көмекші» ретінде таныстыратын тұлғалар көбейген. Олар азаматтарға ақылы түрде кезекті «жеделдету», орын «брондау» немесе несие алуға «кепілдік беру» сияқты жалған қызметтер ұсынады.

Алайда мамандардың айтуынша, мұндай ұсыныстардың барлығы шындыққа жанаспайды. Себебі «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банктер өтінім қабылдауды толықтай онлайн форматқа көшірген. Өтінімдер автоматты түрде тіркеліп, қаралады, сондықтан бұл процеске сырттан араласу мүмкін емес.

Қор өкілдері азаматтарға ешқандай делдалдарға ақша төлемей, ипотекаға өз бетінше өтінім беруге кеңес береді. Бұл тегін әрі ашық түрде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар құрылыс компанияларының сату бөлімдерінде де сақ болу қажет екені ескертілді. Егер менеджерлер қосымша ақы сұрап, пәтер таңдауға немесе ипотека рәсімдеуге «көмек» ұсынса, мұндай әрекеттер заңсыз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда компания басшылығына немесе құзырлы органдарға жүгіну ұсынылады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның орнықтылық қоры азаматтарды мессенджерлер арқылы келетін күмәнді хабарламалардан сақ болуға шақырды. Әсіресе WhatsApp арқылы жіберілетін белгісіз сілтемелерге өтпеу, оларды бірден жою және жіберушіні бұғаттау қажет.

Қор қызметкерлері жеке тұлғалармен мессенджерлер арқылы байланыс жасамайтынын атап өтті. Сондықтан мұндай хабарламалар алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін.

Алаяқтық фактілеріне тап болған жағдайда азаматтарға құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.

Ұқсас материалдар