
1935 жылы негізін қалаған Ж.Жабаев атындағы №161 лицейдің тарихы тереңде жатыр. Бұған дейін ең ескі оқу ғимараттарының бірі былтыр күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылын жаңа серпінмен бастады. Сондай-ақ, мектеп директоры лауазымына білікті ұстаз Тұнық Сарыбаева тағайындалды.
Ұстаздар күні қарсаңында 7kun.kz тілшісі лицейдің тыныс-тіршілігімен танысып, директоры Тұнық Шегебайқызы мен орынбасары Жайна Пернебекқызымен сұхбаттасып қайтты.
– Тұнық Шегебайқызы, жаңа оқу жылында Ж.Жабаев атындағы №161 лицейдің тізгінін ұстап, директорлық қызметке кірістіңіз. Тарихи ғимарат та жаңарыпты. Жаңалықтың бәрі сіздерде сияқты.
– Иә, лицейімізде биылғы оқу жылы үлкен өзгерістермен басталды. Қазіргі таңда лицейде 562 оқушы екі ауысымда, мемлекеттік тілде білім алады. Бұған дейін оқушыларды арнайы сынақпен іріктеп алатын. Былтырғы оқу жылынан бастап мектепке жақын тұратын аумақтағы балаларды ғана қабылдайды. Жаратылыстану бағытында білім береді. Негізін 1935 жылы қалаған мектеп ғимараты 2024 жылы күрделі жөндеуге беріліп, 2025 жылдың сәуір айында қайта пайдалануға берілді. Лицейге сұраныс өте жоғары. Себебі, білім іргетасы мықты қаланған. Кез келген ата-ана баласын сапалы білім беретін білім ұясында оқығанын қалайды.
4 тамыздан бері директорлыққа тағайындалып, жұмысқа кірістім. Бұл шешім Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы және Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ақнұр Оразханқызының басқа мектептерде істеген еңбегімді бағалауы деп есептеймін. Өзім «Биология» пәнінің зертеуші-мұғалімімін. 25 жылдық тәжірибем бар. Бұған дейін №197 мектепте 8 жыл директор болдым. Бұл мектеп 2014 жылы Медеу ауданына Алматы облысынан қосылды. 8 жылдан кейін ротация бойынша осы мектепке ауыстым. Директорлардың ротациясы білім ұйымдарындағы басшылардың бір орында ұзақ уақыт отыруына қатысты қоғам тарапынан сұранысқа байланысты қолға алынған болатын.
– Лицей оқушыларының республикалық білім олимпиадаларында топ жарып жүргенін де білеміз...
– Иә, оныңыз рас. Біздің оқушыларымыздың жетістігі жоғары. Республикалық олимпиадаларда топ жарып жүр. Бүгінде еліміз бойынша білім сайысында 29 орнымыз, халықаралық деңгейдегі жетістікке жеткен 6 оқушы бар. Ал аудандық байқаулардан 87, қалалық бойынша 33 орынды еншіледік. ҰБТ бойынша 2024-2025 оқу жылында оқушылар өте жоғары көрсеткіш көрсетті. Үш оқушы ғана ақылы оқуға түссе, қалғанының бәрі мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде шетелдің грантына ие болғандар да бар.
– Бүгін бір топ ұстаздарды марапаттау сәтіне тап келдік. Қарашаңырақта білікті мұғалімдердің көп екенін байқадық...
– Біз ол жағынан ауыз толтырып айта аламыз. Мектеп ұжымындағы ұстаздың бәрі толықтай біліктілігін арттырған. Сарапшы және зерттеуші мұғалімдердің қатары көбейіп келеді. 2024-2025 оқу жылында жетістіктерімен көзге түскен Райсова Роза Жабайқызы, Нұртай Елдос, Абдикаимова Ақылкүл Сәрсенқызы, Скендирова Сайра Чайнусипқызы, Сатенова Шарбат Шайкұлқызы, Алменова Нұргүл Турдакұлқызы, Мустафаева Гаухар Жарылқасынқызы, Ерөскен Еркебұлан Ерөскенұлы, Балабекова Гүлназия Мадибекқызы, Абдукаимова Ботагоз Сатыбалдықызы, Шекербекова Ақерке Ерланқызы, Мантаева Роза Тоқсанбайқызы, Иманғазина Жамал Мағазқызы сынды ұстаздарымызды атап өтуге болады. Биылғы оқу жылында да жетістіктеріміз көбейеді деп сенеміз. Мектебіміз қазіргі заман талабына сай сапалы білім беру үшін қажетті құралмен түгел дерлік қамтамасыз етілген. Барлық сыныпта интерактивті тақта жұмыс істеп тұр. Информатика кабинеттерінде оқушыларға қажетті құрал жеткілікті. Биылғы оқу жылында физика, биология, STEM кабинеттері жаңадан жабдықталды. Яғни, оқушылардың жетістікке жету себебі – мұғалімдер қойған талаптың жоғары болуынан деуге негіз бар. Сондай-ақ ата-аналар да мұғаліммен бірге тығыз жұмыс істеп, білімді ұрпақ дайындауға күш салады. Оқушылардың үй тапсырмасын орындауын ата-ана толықтай қадағалап отырады.
– Бүгінгі заманның мұғаліміне қойылатын басты талап қайсы?
– Бұрын мұғалімді мектепке директор өзі ала беретін. Ал қазір министлік бекіткен нұсқау бойынша жүзеге асады. Біз мектепке қажетті мұғалімді «Enbek.kz» сайтына жариялаймыз. Яғни, тәжірбиесі мен категориясының жоғары, жетістігі болуы керектігін ескертеміз. Егер біздің талапқа сай болса, құжатын қабылдаймыз. Бұған дейін педагог тестін тапсырып келеді. Одан бөлек мектептегі арнайы комиссия мүшелерінің шешімі ескеріліп, сол бойынша жұмысқа алынады. Ал дипломды сатып алған ба, өзі оқыды ма, мұны да комиссия тексереді. Бірақ өз тәжірибемде диплом сатып алған мамандарды кездестірген жоқпын.
– Жас мамандардың ұстаздық етуге деген құлшынысы, балалармен жұмыс істеуге деген ынта-жігері қалай?
– Әрине, жастардың мектепке келіп, баламен жұмыс істегенін қалаймыз. Өйткені, олар оқушыны заман ағымына сай тәрбиелейді. Сол сияқты оқушылар да жан-жақты маманнан білім алғанын қалайтыны сөзсіз. Бірақ жас маманды алғанда әрқайсысына жетекші береміз. Тәжірибелі мұғалімдер оларға сабақ жоспарын жасауды, оқушылардың білімін бағалауды, бақылау жұмысын алуды толықтай үйретеді. Қажет болса, сабағына қатысып, кеңес беріп, қадағалап отырады.
– Соңғы жылдары мұғалім беделі жоғарылап, сый-құрмет арта бастады. «Педагог мәртебесі» туралы заң ұстаз қауымына не берді?
– Бұл лицей мамандары еңбек етіп келе жатқан уақыттан бері жоғары бедел мен мәртебеге ие. Ал «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы мерейін одан әрі үстем етті. Заң мектеп-оқушы-ата-ана үштігі байланысының нығая түсуіне, жетістіктің көп болуына септігін тигізді. Бұл ұстаздың өзіне деген сенімділігі мен жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырды.
– Бұрын мұғалім мен оқушының өзара қарым-қатынасы басқаша еді. Қазір мектеп пен ата-ананың да тығыз байланыс орнатуы өзекті мәселеге айналған сияқты...
– Қазіргі кезде оқушыларға білім беріп қана қоймай, тәрбиелеу де – өзекті мәселе. Соның бірі ата-анамен қарым-қатынасты дұрыс жолға қою. Өзіңіз білесіз, бүгінгі балалар телефонға, әлеуметтік желіге әуес. Бірақ біз бұл жайтты ескеріп, оқушылар мектепке кірген сәтте телефонын мұғалімге өткізіп қоятын үрдісті енгіздік. Оқушы мектепте ештеңеге алаңдамай, тек білім алуы керек. Әрине, біз бала тәрбиесіне келгенде ата-анамен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Себебі, барлық ата-ана баласының сабағын қадағалап, толыққанды білім алуын талап етеді. «Педагогика» еңбегін жазған ақын Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күніңде қалай иіп тастасаң, солай өседі» деген жоқ па?! Яғни, ата-анамен бірге екі жақтап жас шыбықтың түзу өсуіне бағыт берсек, алған білім де, тәрбие де нәтижелі болады.
Мектеп жаратылыстану бағытында болса да, ұлттық құндылығымызды ұмытпаймыз
Жайна Пернебекқызы, Ж.Жабаев атындағы №161 лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Бұл мектепте 2008 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Біздің лицей қала, республика көлемінде оқушыларды олимпиадаға, ғылыми жобаға дайындауда көштің басында. Одан бөлек өнер, спорт жағынан да түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындармен оралып жүр. Медеу ауданы бойынша жетістігіміз өте көп. 11 сынып оқушысы Санжар Мамет «Абай оқулары», «Махамбет оқулары», «Мағжан оқулары» байқауынан үнемі жүлдегер атанады. Былтыр республикалық деңгейде бірінші орынмен марапатталды. Жаңа оқу жылының өзінде «Махамбет оқуларынан» жүлдеге ие болды. Ал халықаралық деңгейдегі байқауда «Химия» пәнінен оқушымыз Санжар Бекдайыр жүлдемен оралды. Физика пәнінен Еркебұлан Еркінұлы да халықаралық білім сайысында бақ сынады. Дубай қаласында өткен олимпиадада 5 сынып оқушысы жоғары деңгей көрсетті.
Біздің лицей ата-анамен жұмысты дұрыс жолға қойған. Министрлік былтырғы оқу жылынан бастап мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығын ашты. Сонымен қатар «Даналық» мектебі бар. Оның ішінде «Әже өсиеті, Ата аманаты», «Жеңгелер» клубы жұмыс істейді. Айына бір рет ата-анамен кездесу ұйымдастырып, семинар-тренингтер өткіземіз. Одан бөлек Қамқорлық кеңесінің де атқарып отырған жұмысы жетерлік. Оның төрағасы Дарын Молдалыұлы Сопаев әр тоқсан сайын жиналыс өткізеді. Мектепте қандай мәселе болсын, Қамқорлық кеңесімен бірлесіп шешеміз.
Білім, талап бар жерде сұраныс та жоғары. Біздің оқушылар мемлекеттік тілде білім алғандықтан, қазақи тәрбиеге сусындап келеді. Баланың бойына дастарқан басында отыру әдебі, сәлемдесу әдебін сіңіреміз. Былтыр бір әжеміз ұлттық нақышта кимешек киіп келіп, оқушыларға салт-дәстүр, әдеп тәрбиесі бойынша сабақ өткізді. Оқушыларымыз құнды жәдігерлермен танысып, өз қолымен ұстап көрді.
Наурыз мерекесі кезінде ұлттық ойын – асық атудан, тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырамыз. Мұның бәрі оқушының жан-жақты болуы үшін жасалатын дүние. Мектеп физика-математика бағытында болса да, ұлттық құндылығымызды ұмытпауға тырысамыз. 30 баладан тұратын домбыра оркестрі аудандағы мерекелік шараларда өнер көрсетеді. Ұлттық мейрам біздің өнерлі балаларымыздың қатысуынсыз өтпейді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз бен жетістіктерімізді жаңа оқу жылында да жалғастырамыз. Өйткені, бізде нағыз білікті ұстаздар ұжымы қалыптасқан.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергендеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Ұстаздар күні құтты болсын!