Halyk Bank ресми түрде Airba Fresh сервисі енді Halyk суперқосымшасының жеке қызметі ретінде жұмыс істейтінін хабарлады.
Бұған дейін Forbes Kazakhstan өз дереккөздеріне сілтеме жасап, 2022 жылдың соңында «Технодом» желісінің негізін қалаушы Эдуард Ким (Қазақстанның 75 ең бай кәсіпкері рейтингінде № 50, 2025 ж.) құрған Airba Fresh фудтех-компаниясы елдегі ең ірі қаржы институтына өзінің мажоритарлық үлесін сату жөніндегі келіссөздердің соңғы кезеңінде екенін жазған еді. Дереккөздің айтуынша, мәміле шамамен 40 млн доллар көлемінде бағаланып, Airba Fresh-ті банктің цифрлық экожүйесіне, соның ішінде SuperApp және адалдық бағдарламасына интеграциялауды көздейді.
Алайда банк таратқан ресми хабарламада мәміле жайлы нақты ақпарат берілмей, тек «Airba Fresh Halyk экожүйесінің бір бөлігіне айналды» деп көрсетілген.
«Біз ең қымбат ресурс – уақытты үнемдейміз. Halyk қолданушылары енді жаңа әрі сапалы өнімдерді жылдам, бонустармен және ыңғайлы төлеммен бір қосымша арқылы ала алады», – деді Airba Fresh компаниясының тең құрылтайшысы және бас директоры Даниель Ким.
Ал Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұкушев бұл серіктестікті банк үшін дайын e-grocery инфрақұрылымы деп атады.
«Airba Fresh-тің басты артықшылығы – 60 минут ішінде экспресс жеткізу, яғни жылдамдық пен жекелендіру. Компанияға бұрын операциялық процестерді жетілдіру жетіспейтін, ал Halyk осы бағытта қажетті қолдауды көрсете алады», – деді ол.
Банк таратқан хабарламада:
«Halyk-та дайын аудитория мен төлем инфрақұрылымы бар, ал оған сенімді e-grocery операциялық жүйесі қажет еді. Airba Fresh осы мүмкіндікті қамтамасыз етеді», – деп атап өтілді.
PwC деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның e-commerce нарығының көлемі 3,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 42% өскен. Сарапшылардың пікірінше, e-grocery сегменті ең жоғары әлеуетке ие бағыт болып қалып отыр, мұнда қаржы және технология компанияларының бірігуі жаңа өсу драйверіне айналуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Airba Fresh онлайн жеткізу арқылы тәулігіне шамамен 1500 тапсырысты орындайды және Airba Fresh пен Airba Express бөлшек дүкендерінде 2000-нан астам чек тіркеледі. Halyk Bank-пен интеграция бұл көрсеткіштерді бірнеше есеге арттырып, банктің кең клиенттік базасы мен филиалдық желісіне жол ашады.
Бұған дейін Forbes Kazakhstan YouTube-арнасына берген сұхбатында Airba Fresh негізін қалаушы Эдуард Ким компанияны, мысалы, Halyk Bank-ке сату мүмкіндігі жайлы сұраққа:
«Мен ондай мәмілеге қарсы емеспін», – деп жауап берген. Оның айтуынша, фудтехтің болашақ өсу сценарийлері стратегиялық инвестор тартуды немесе IPO-ға шығуды қамтиды.





