Айырбастау пункттері 1996 – 2013 жылғы долларды қабылдауға міндетті - Ұлттық банк
1996 – 2013 жылдар аралығында шығарылған АҚШ доллары заңды төлем құралы болып табылады және олардың түпнұсқалығы расталған және зақымдануы болмаған жағдайда Қазақстанның айырбастау пункттерінде комиссиясыз қабылданады. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкі хабарлады.
Ұлттық Банк ақша айырбастау пункттерінің осы кезеңде шығарылған долларды айырбастаудан бас тарту фактілері бойынша азаматтардан түсетін шағымдардың жиілеп кеткенін хабарлады.
Алайда банкноталар бүлінбеген болса және айналыста жарамсыз деп танылмаған жағдайда оны айырбастауға міндетті және ҚР заңнамасында қолма-қол шетел валютасын айырбастау үшін комиссиялар көзделмеген.
Егер айырбастау пункті комиссия алса немесе шетел валютасын шыққан жылына қарай қабылдаса, валюта айырбастаудан негізсіз бас тартса, сол айырбастау пункті орналасқан жердегі Ұлттық Банктің аумақтық филиалына шағымдану қажет. Шағыммен қатар барлық қажет ақпарат пен құжатты қоса көрсету керек, бұл заңға сәйкес шара қолдануға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, "ескі долларды" қабылдамау немесе комиссиямен қабылдау жағдайы тек Қазақстанда ғана емес, шеелдерде де жиі кездесуде. Бұл туралы шетелге саяхаттап шыққан қазақстандықтардың шағымы жиі кездеседі. Алайда 1996 – 2013 жылдар аралығында шығарылған АҚШ долларына еш жерде ерсми тиым салмаған. АҚШ үкіметінің ресми сайтында кез-келген жылы шыққан валютамен төлем жасауға болатыны жазылған. Алайда бұған қарамастан көп мемлекетте "ескі долларды" айырбастау үшін комиссия алады немесе мүлдем бас тартады.