Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

АҚШ-та жаңа автокөліктердің бағасы 15 мың долларға дейін қымбаттауы мүмкін

АҚШ-та жаңа автокөліктердің бағасы 15 мың долларға дейін қымбаттауы мүмкін
Wedbush аналитигі Дэн Айвздің айтуынша, АҚШ-та жаңа автокөліктердің бағасы 5 мыңнан 15 мың долларға дейін өсуі мүмкін.

Күні кеше АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдік өндірістегі барлық автокөліктерге 25% көлемінде кедендік баж енгізілетінін мәлімдеді. Бұл шаралар қазірдің өзінде күшіне енді. Бұған дейін Трамп осындай протекционистік шаралар кейбір автокомпоненттерге де қолданылуы мүмкін екенін ескерткен еді.

Сәрсенбі күні АҚШ президенті өз елімен сауда жүргізетін серіктестерге қатысты қарсы баждар енгізілетінін де жариялады және барлық импорт үшін ең төменгі тариф деңгейін 10% деп белгіледі.
Cox Automotive мәліметі бойынша, 2024 жылғы ақпанда жаңа автокөлік сатып алу бойынша орташа мәміле құны 48 039 долларды құрады. Егер бұл бағаға тағы 5 мың доллар қосылса, бұл шамамен 10% өсімді білдіреді, ал 15 мың доллар қосылса — 30%-дан асады, деп жазады Market Watch.

Айвз — автонарықтағы жағдайдың қиындайтынын болжаған жалғыз сарапшы емес. Bloomberg Intelligence сарапшысы Стив Манның пікірінше, жаңа көліктерге үстеме баға маркасы мен моделіне байланысты 3,5 мыңнан 10 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Ал iSeeCars дерегіне сүйенсек, егер тарифтік ауыртпалық толықтай тұтынушыларға жүктелсе, жаңа көліктер олар үшін 6–16 мың долларға қымбаттайды.

Кедендік тарифтердің тікелей әсері базалық бағаға ғана қатысты емес. Сарапшылардың айтуынша, несие қаражатының қымбаттауы аясында автонесиелердің де құны артады. Сонымен қатар, автокөліктерді сақтандыру да қымбаттауы мүмкін, себебі сақтандыру компаниялары көлікті ауыстыру құнының жоғарылауын есепке алатын болады.

Ақ үй Трамп енгізіп жатқан тарифтерді ішкі өндірісті және жұмыс орындарын көбейту құралы ретінде қарастырып отыр. Жақында NBC News арнасына берген сұхбатында Трамп шетелдік автокөлік бағасының қымбаттауы оны алаңдатпайтынын айтып, мұндай жағдайда америкалықтар өз елінде өндірілген көліктерді сатып алатынына сенімді екенін білдірді. Алайда Айвз бұл сценарийдің шынайылығына күмән келтіреді.

Ұқсас материалдар