2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда алаяқтар азаматтардың атына рәсімдеген несиелерді өтеу міндеті банктердің өзіне жүктеледі.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Депутаттың айтуынша, енді биометриялық сәйкестендіру жүйесі арқылы қате немесе заңсыз рәсімделген несиелер үшін азаматтар емес, қаржы ұйымдары жауап береді.
«Біздің ұсынысымыз қабылданды. Енді 2025 жылдың қыркүйегінен бастап биометрия дұрыс өтпей рәсімделген алаяқтық несиені банк өз есебінен жабады», – деді Мұрат Әбенов.
Бұл жаңалық қаржы алаяқтарының әрекетінен зардап шеккен азаматтарды қорғауға бағытталған. Бұған дейін мұндай жағдайларда жәбірленушілер өз аттарына тіркелген несиелерді дәлелдеп, ұзақ уақыт бойы сот арқылы даулауға мәжбүр болатын.
Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова тұтынушылық несиелерге жаңа шектеулер енгізілетінін және қазақстандықтардың несие алу себептері туралы мәліметтер ашық жарияланатынын хабарлаған еді.





