Әлеуметтік қажеттіліктер: Алматы бюджетіндегі қаржы алдағы екі жылда неге жұмсалады
Алматы қалалық мәслихатының депутаттары кезекті XIX сессияда қаланың түзетілген бюджетін қарап, 112,2 млрд теңге сомасында нақтылады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Мегаполис әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, бұл қаржы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларда» көзделген әлеуметтік маңызды жобаларды қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге арналған.
«Қала әкімдігі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде», - деді Асқар Әмрин.
Нақтылау шеңберінде әлеуметтік блокты қаржыландыру 31,6 млрд теңгеге көбейді. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына қосымша 5,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл алматылықтар үшін денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Мәдениет және спорт саласына 3,1 млрд теңге бөлінеді. Қала аудандарын жаңа кітапханалармен қамтамасыз ету, сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерін дамыту жоспарланған, бұл қала тұрғындарының мәдениеті мен дене шынықтыру белсенділігін арттырады», - деді А.Әмрин.
Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру, сондай-ақ «Ақсай» су жинағышын және желілерді уақытылы салуға қаражат 10,8% немесе 22 млрд теңгеге ұлғайтылды. Қосымша қаржыландыру есебінен Алматы әкімдігі қала тұрғындарының сапалы ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
«Көлік инфрақұрылымын жаңарту үшін қаржыландыруды 5,7%-ға өсіру арқылы 15,1 миллиард теңге қарастырылды. Жоспарланған жобаларды жүзеге асыру арқылы көлік саласын одан әрі дамыту көзделген. Оның ішінде жақсы және орташа жағдайдағы жолдардың үлесі 86%-дан 92%-ға дейін өсті», - деп сөзін түйіндеді мегаполис әкімінің орынбасары.