Әдетте адамдар алғашқы медициналық көмек көрсету жөнінде білімінің жоқтығынан жанындағы адамдарға, кейде тіпті туысы, танысы немесе досына көмек көрсете алмай жатады. Алғашқы медициналық көмектің негізгі мақсаты – адам өмірін құтқару. Ең бастысы – алғашқы секундтарда дұрыс әрекет етуге үйрену, дәрігерлер келгенше апатқа ұшыраған адамның өмірін сақтап қалу.
Осы әрекеттермен, алғашқы секунд қағидаларымен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары танысты. Орталықтың Алматы қалалық және Алматы облыстық филиалының қызметкерлері арнайы мамандардан дәріс алып, оқу-тәжірибеден өтті. Маңызды іс-шараны мекеменің орталық аппараты ұйымдастырған. Жол саласында еңбек етіп жүрген инженерлер қауіп-қатермен де бірге жүреді. Оқыс жағдайда дұрыс әрекет ету – мекеме қызметкерлері үшін өте қажет.
Аталған оқу жиынына Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы филиалының қызметкерлері Қажымұқанов Дәурен, Сұрапбергенов Досжан, Жақсылық Әлібек және Мырзахмет Мейіржан қатысты. Адам өмірі үшін маңызды саналатын жиынды «Ермен clinic» мекемесі өткізді. Білікті мамандар оқыс жағдайда дұрыс әрекет ету жолдарын көрсетті. Оқуға қатысқандар оның өте пайдалы болғанын жеткізуде.
«Қарапайым дүние көрінгенмен, әр секундтың әр қадамның маңызды екеніне көз жеткіздік. Бірге жұмыс істейтін әріптесің аяқ асты естен танып қалса абдырап қаласың. Ал алғашқы медициналық көмекті білсең, алаңдайтын ештеңе жоқ. Жедел жәрдем жеткенше адам өмірін аман сақтап қалуға болады екен. Жай ғана өкпеге дұрыс дем беру, өкпеге массаж жасау, науқастың тілін жұтып қоймауын қадағалау сияқты амалдарды үйрендік. Жарақатты таңу, күре тамырды басып қанды тоқтату да есте сақтайтын әрекеттер екен» - дейді мекеме инженері Мейіржан Мырзахмет.
Білікті маманды тапжылмай тыңдаған жолсапа қызметкерлері «сақтықта қорлық жоқ» дейді. Оқу жиынына қатысқан әр қызметкерге арнайы сертификат табысталады.