Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматы мен Астанада электромобиль жүргізушілеріне нөлдік комиссия енгізілді

Алматы мен Астанада электромобиль жүргізушілеріне нөлдік комиссия енгізілді

inDrive Алматы мен Астанада электромобиль жүргізушілері үшін сервистік комиссияны алып тастады.

2025 жылдың соңына дейін олар сапар құнының толық көлемін ешбір ұсталымсыз алады.

Жаһандық көлік және қалалық қызметтер платформасы inDrive электромобильдер үшін сервистік комиссияны жойды. Енді электромобиль жүргізушілері әр сапардан 100% табыс табады. Бұл бастаманың мақсаты экологиялық көлікті насихаттау және ауаның ластануын азайту. Акция 2025 жылдың соңына дейін Алматы және Астана қалаларында барлық сапарларға қолданылады.

«Көптеген жағдайда электромобильдер құны жоғары болғандықтан, қарапайым халыққа қолжетімді бола бермейді. Сонымен бірге, ауа ластануының үлкен мәселесі бар, ал көлік – оның негізгі себептерінің бірі. Сондықтан біз жағдайды өзгертеміз деп мақсат қойдық: біз жасыл жолды таңдаған жүргізушілер көбірек ақша тауып, қаржылық артықшылыққа ие болу үшін комиссияны жойдық. Бұл – біздің тарапымыздан ластануды азайтуға жасалған нақты қадам әрі қалаларымыздың таза ауасына және тұрақты болашағына салынған инвестиция», дейді inDrive компаниясының CEO-сы Арсен Томский.

Алматыда автокөліктің 60%-ы каталитикалық түрлендіргіштерсіз пайдаланылады және атмосфераға зиянды қалдықтардың негізгі көзіне айналып отыр. Сондықтан компания электромобильдерге көшуді көміртегі ізін азайтудың бір жолы, сондай-ақ тұрғындардың денсаулығына нақты үлес ретінде қарастырады. Нәтижесінде жүргізушілер көбірек табыс алады, жолаушылар тыныш және таза сапарға шығады, ал қалада шу мен зиянды шығарындылар саны азаяды.

Қазіргі таңда әлем бойынша inDrive платформасында электрокөліктермен – автокөліктер, мотоциклдер және рикшалар арқылы – миллионнан астам сапар жүзеге асады. Қазақстан электромобильге тапсырыс саны бойынша платформаның үздік 10 елі қатарына кіреді. inDrive қосымшасында барлық электромобильдер арнайы белгімен көрсетілген. Бұл қызмет пайдаланушыларына экологиялық таза көлікте жүргізушілерді таңдауға мүмкіндік береді.

Комиссияны жою «inDrive электромобильдері» бағдарламасының бөлігі болып табылады. Оның аясында компания машиналарды брендтеп, жүргізушілер арасында ұтыс ойынын өткізеді: бас жүлде компанияның СЕО-сы Арсен Томскийдің өзінен электромобиль.

Айта кетейік, Арсен Томский Қазақстандағы ауаның ластануына қарсы күрес жөніндегі Almaty Air Initiative қорының серіктесушісі болып табылады. Жоба Алматыда ауаның ластануы туралы зерттеулер жүргізіп, сондай-ақ сарапшылар, азаматтық белсенділер, билік өкілдері мен қала тұрғындары арасындағы байланыстырушы буын ретінде қызмет етеді.

 inDrive компаниясы туралы

inDrive – бас кеңсесі Маунтин-Вью, Калифорния, АҚШ-та орналасқан көлік және қалалық қызметтердің жаһандық платформасы. inDrive қосымшасы 360 миллионнан астам рет жүктелген және қатарынан үшінші жыл бойы жол жүруге тапсырыс беруге арналған қосымшалар арасында жүктелу саны бойынша екінші орында тұр. Жол жүруден бөлек, inDrive қалалық қызметтердің кеңейіп келе жатқан тізімін ұсынады, оған қалааралық және жүк тасымалдау, курьерлік және B2B жеткізу қызметтері кіреді. 2023 жылы inDrive New Ventures – венчурлік және M&A бөлімшесін іске қосты.

inDrive 48 елдегі 982 қаладан астам жерде жұмыс істейді. Өз миссиясына сүйене отырып, компания 2030 жылға дейін миллиардтаған адамның өміріне оң әсер етуді мақсат етеді. Бұл мақсатқа компания негізгі қызметі арқылы – жергілікті қауымдастықтарды қолдайтын әділ баға қалыптастыру моделін қолдана отырып, сондай-ақ өзінің коммерциялық емес ұйымы – inVision арқылы қол жеткізіп келеді. inVision бағдарламалары қауымдастықтарды қолдай отырып, білім, спорт, өнер мен ғылымды, гендерлік теңдікті және басқа да маңызды бастамаларды дамытады.

Ұқсас материалдар