Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен кездесіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Италия мен Алматы арасындағы тауар айналымы 2025 жылы 700 млн АҚШ долларынан асып, 2,3 пайызға өскені айтылды. Тараптар өзара серіктестіктің әлеуеті әлі де жоғары екенін атап өтті.
Қала билігі үшін тау кластерін дамыту жобасы аясында Италияның тау-шаңғы курорттарын басқару тәжірибесі, сондай-ақ халықаралық сервис стандарттарын енгізу тәсілдері қызығушылық тудырып отыр. Сонымен қатар, италиялық компаниялардың аспалы жолдар салу, жаңартылатын энергия көздері жобаларын жүзеге асыру және ғимараттарды жаңғырту салаларындағы тәжірибесі сөз болды.
Кездесу қорытындысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.





