Алматы облысы әкімінің лауазымдық жалақысы 18 жылдан жоғары жұмыс өтілін ескере отырып, 2 414 264 теңгені құрайды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысына сілтеме жасаған Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Арынбекованың агенттікке берген ақпаратында аймақ басшысы бұл соманы мемлекеттік қызметтегі 20 жылға жуық тәжірибесінің арқасында алып отырғаны айтылған.
«Облыс әкімінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы «Облыс бюджеті есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» қаулысы негізінде есептеледі», деп түсіндіреді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімін 2022 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді.