Ауылшаруашылығымен айналысып келген ауыл «Ұлттық табиғи парктерді қолдау қорының» көмегімен туризмге бет бұра бастады.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылында 3700 адам тұрады. Ауыл шағын болғанымен жер көлемі үлкен, аудан бойынша екінші орын алады. Жер жағдайы мал бағуға, егін салуға аса қолайлы. Ауылда мал шаруашылығымен айналысатын 30 шаруа қожалығы бар. Олар ірі қара, жылқыдан бөлек, 40 мыңнан астам қой бағуда. Оның 21 мыңы миринос, 15 мыңы қазақи қой. Шаруалар жыл сайын мамыр айында басталатын қырқымнан кейін 90 мың тонна жүн алынады. Алайда оның 45-50 пайызы өртеніп, қоқысқа тасталады. Өйткені өткізетін жер жоқ. Қалған 50 пайызын тұрғындар қыздардың көрпе, жасауы сияқты тұрмыстық қажеттіліктерге жаратады. Бұл жағдайды өзгерткісі келетін нұралықтар енді этнотуризмге бет бұруды көздеп отыр.
Өйткені жүнді лақтырып тастамай киіз, текемет сынды дайын өнімге айналдырып, туристерге сатуға болады. Ал әр үйде өндірілетін табиғи ет, сүт арнайы құтыға құйылып, қазақтың ұлттық тағамы ретінде қонақтарға ұсынуды ойлайды.
Нұра ауылында басқа ауылдарда кездесе бермейтін 5 бірдей бүркітші отбасы бар. Былтыр оның екеуі республика чемпионы болған. Оның біреуі мектеп оқушылары арасындағы чемпион.
Ауыл маңында Ойрантөбе деген тарихи орын, Алмалы тауында ескі қорғандар бар. Үлкен Бұғыты, Кіші Бұғыты, Қызылтау деген таулары көрген жанды тамсантпай қоймайды. Оның үстіне елдімекен Шарын, Көлсай, Қайыңды сынды туристік нысандарға баратын жолдың бойында орналасқан. Ары-беру өткен демалушыларға қызмет көрсету де ауылдың әлеуеті үшін үлкен мүмкіндік.
Сондықтан ауылшаруашылығына ғана ден қойып отыра бермей, туризмге бет бұру жаңа өзгерістің басы болады деп сенеді ауыл халқы. Алайда туристер өңірді аралап, жамбастап жатып, ұлттық тағамынан дәм татып, қазақтың мәдениеті мен ұлттық ойындарын көру үшін шағын мейрамханалар мен киіз үйлерден бастап, заманауи қонақүйлер де керек.
Оны қайдан аламыз, қалай саламыз, өнімді қалай шығарып сатамыз, деген мәселенің бәрі жақында «Ұлттық табиғи парктерді қолдау қоры», «Qazaq National Parks» ЖШС, Сөгеті ауылы әкімдігінің бастамасымен ауылда өткен «Нұра ауылының әл-ауқатын туризм арқылы дамыту» атты дөңгелек үстел мәжілісінде айтылды.
Жиынға «Qazaq National Parks» ЖШС өкілдері, қор директоры Жанар Алчимбаева, Qazaq Geography қоғамдық бірлестінің Басқарма төрайымы, ғалым-этнограф Айгерим Мусагажинова, Qazaq-Oner ассоциациясының төрайымы, этнодизайнер Айгүл Жансерікова, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев, ауыл тұрғындары мен туристік агенттіктердің өкілдері қатысты.
Айгерим Мусагажинова мен Айгүл Жансерікова Қазақстанда этнотуримзді қалыптастыруға үлкен үлес қосып жүрген мамандар. Жиын барысында олар ауыл тұрғындарына жеке жобалары жайлы баяндап, ұлттық тағам жасау, шөптерді орап, сату, қой жүнін лақтырып тастамай, өнімге айналдыру туралы кеңестер берді.
Ұлттық табиғи парктерді қолдау қорының төрайымы Жанар Алчимбаеваның айтуынша бұған дейін қор өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесіп, этнотуризмді дамыту мәселесін талқылаған. Соның нәтижесінде кезекті жиын өтіп, нақты істерге көше бастаған.
«Бұл үлкен жобаның бастамасы. Бұған дейін ауыл тұрғындарымен кездесіп, ақылдасқанбыз. Соның негізінде бүгін ауыл тұрғындарына 2 киіз үйді сыйға тартып отырмыз. Туристерді қабылдау мақсатымыз. Сонымен қатар кір жуатын, үтіктейтін жабдықтарды сыйға тартып отырмыз. Тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жатыр. «Шарын» визит орталығына қызмет көрсетеді. Бұрын мысалы, визит орталық түрлі заттарды жуу үшін Алматыға таситын. Енді қор тарапынан сыйланған заттардың арқасында жақын жерде ауыл тұрғыны жүзеге асырады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Ауыл тұрғындарының табыстары артады деген сеніміміз бар. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарымен бірге жұмыс жасаймыз. Оқыту курстарын өткіземіз. Бүгін келген тренерлер курстарын жалғастыратын болады. Мысалы: ұлттық тағамдарға байланысты, ауылда 40 мыңнан астам мал бар, соның жүнін өңдеп, дайын өнім шығаруға да көңіл аударамыз», дейді Жанар Алчимбаева.
Ұлттық табиғи парктерді қолдау қорымен келісім жасап, киіз үй мен тазалық жабдығын сыйға алған екі отбасының бірі Елухан Карибаев Шарын Ұлттық паркіне келетін туристерге қызмет көрсете бастаймыз, дейді.
«Бүгін қажетті жабдықтарды алдық. Болашақта туристерге қазақтың ұлттық тағамдарын ұсына бастаймыз. Этноауыл қалыптастырамыз деген ой бар. Киіз үй тіктік. Ауылымыз ауылшаруашылығы, оның ішінде мал мен егінге бейімделген. Енді туризмді қолға алсақ. Ауыл дайын. Тура Жібек жолының бойында тұрған Сөгеті ауылы туризм орталығына айналады деп сенеміз», дейді қуанышты тұрғын.
Qazaq Geography қоғамдық бірлестінің Басқарма төрайымы, ғалым-этнограф Айгерим Мусагажинованың айтуынша Нұра ауылын этнотуризм орталығына айналдыруға мүмкіндік зор.
«Өте бай жер. Бұл жерді бірнеше бағытта дамытуға болады. Фермерлік туризм, агротуризм, күнтізбелік оқиғаларға арналған туризм. Тек қана осы Нұраға тамақ ішу үшін келуге болатын жер жасауға болады. Біздің қазақтарда мыңнан астам тағам түрі бар. Мысалы, ертеде біздің ата-бабаларымыз 12 түрлі сыр жасаған. Бие сауу мен түйе саууды көрсетуге болады. Бұл жердің табиғаты бай. Біздің ата-бабамыз шөптердің дәрі, сусын ретінде пайдаланған. Мұндағы шөптерді алып, әдемілеп орап, шәй ретінде сатуға болады. Тек қазір керегі жалғыздың үні шықпайды, сондықтан бірнеше адам бірігіп, осының бәрін істеуге болады. Біз ғалымдар соның бәрін көрсетуге, бағыт беруге дайынбыз. Тек Нұраға ғана емес, Қазақстандағы туризмді дамытқысы келетін кез-келген ауылға. Әр ауыл өзінің моноөнімін жасаса», дейді Айгерим Мусагажинова.
Сөгеті ауылының әкімі Құдайберген Мухадиев маусымдық туризмді дамытсақ та ұтылмаймыз дейді.
«Тек қой қырқудың өзін көрсетуге болады. Тарихи жерлеріміз бар, ауыл, мал шаруашылығының айналасында қалыптасқан жобалар бар, еңбекқор тұрғындар бар, табиғи мүмкіндіктеріміз де зор, сондықтан ауылда туризмді дамытуға әлеуетіміз жетеді. Ұлттық табиғи парктерді қолдау қорына рахмет. Қор көмегімен жоба, жоспарларымызды жүзеге асыру жеделдейді, деп ойлаймыз», дейді ауыл әкімі.