Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда қаржы пирамидаларының 7,7 млрд теңгесі бұғатталды

Алматыда қаржы пирамидаларының 7,7 млрд теңгесі бұғатталды
Алматыда 2025 жылдың 7 айында 1 мыңнан астам адам зардап шеккен 10 алаяқтық жоба тоқтатылды.

Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиұлының айтуынша, интернетте алаяқтықты насихаттауға қарсы күресетін маңызды құралдың бірі – «Кибербақылау» ақпараттық жүйесі арқылы 846 жарнамалық сілтеме бұғатталған. Одан бөлек жыл басынан бері департамент қала бойынша қаржы пирамидасын ұйымдастырған 10 жүйенің жолын кесті. Оның ішінде 6 қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Тергеу барысында 7,7 млрд теңге көлемінде пирамида ұйымдастырушыларының банк шотына, жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды.

– Мысалы, «ҮЙЛІ БОЛАЙЫҚ» дейтін жалған әлеуметтік жобаның жұмысы тоқтатылды. Олар өзін қайырымдылықпен айналысатын тұрғын үй бағдарламасы ретінде көрсетіп, пайызсыз бөліп төлеу арқылы үй алып береміз, салым сомасының 15–30% мөлшерінде табыс табасыздар деп алдап, осы жүйеге адам тартқандарға бонус бермек болған. Бірақ ақшаның бәрі ұйымдастырушылардың жеке шотына түсіп, қордың есепшотын мүлдем қолданбаған. Олар сөйтіп 515 салымшыдан 50 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. Қазір күдіктінің банк шотына тыйым салынып, оған қатысты елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, – деді Сабырғали Балғалиұлы.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» атауымен тағы үш жүйеге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын атап өтті.

– Тергеу жалғасып жатыр, нәтижесін уақтылы жариялап отырамыз. Қаржы пирамидасына әр адам өз еркімен және заң аясынан тыс кіреді. Сондықтан салған ақшаңызды қайтаруға ешкім кепілдік бермейді. Дегенмен кей жәбірленушілердің ақшасы қайтарылды. Шығынды өтеу туралы шешімді тек сот қабылдайды, – деді Сабырғали Балғалиұлы.

Алматы қаласының экономикалық тергеп-тексеру департаменті күмәнді ұйымдарға байланысты Жібек Жолы даңғылы, 127 мекенжайы бойынша немесе 1458 нөміріндегі Call-орталыққа жедел түрде хабарласуды өтінді.

Ұқсас материалдар