Алматылық жастар Жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық челлендждерге қатысты

Алматы қаласының жастары Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әлеуметтік желілердегі патриоттық челлендждерге қатысты. #БатырдыңҰрпағымын және #МойПрадедГерой хэштегтерімен өткен онлайн-акциялар тарихи жадымызды сақтап, ерлік рухын дәріптеуге бағытталды.
#БатырдыңҰрпағымын челленджі — батыр бабалардың ерлігін ұлықтау мен жастарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Жастар Instagram және TikTok желілерінде бейнежазбалар, өлеңдер мен естеліктермен бөлісіп, Жеңістің мәнін жеткізді.
Алматылық блогер Анна Торосянның атасына арнаған алғыс хаты әлеуметтік желіде ерекше әсер қалдырды. Ол өз жазбасын хат түрінде жариялаған:
«Қымбатты ата, мен өмірге келмей тұрып сен бұл дүниеден өтіп кетіпсің. Бірақ мен сені сарғайған суреттер мен әжемнің әңгімелерінен білемін. Сен соғысты түгел артиллерист болып өткеріп, орден тағып, көзіндегі үнсіздікпен үйге оралдың. Сен шайқастар жайлы сирек, көбіне жоғалған достарың мен біз күткен бейбітшілік туралы айтатынсың. Бүгінде мен өмір сүріп, оқып, армандай аламын – себебі сен мойымадың. Рақмет саған, ата».
Отбасы психологы Еркежан Уәлиева тыл еңбеккері болған атасы туралы естелігімен бөлісті:
«Менің атам Рыскельдин Ғабдулхамит Күмісұлы соғыста майдан шебінде болмаса да, тылда аянбай еңбек еткен. Ол күндіз-түні тыным таппай, Жеңіске үлес қосқан ардагер. Қара жұмыстың бел ортасында жүріп, аштық пен ауырлықты жеңіп, болашақ үшін тер төкті. Атамның маңдай тері мен еңбегі — бүгінгі бейбіт өміріміздің іргетасы. Сол үшін мен оны шын жүректен мақтан тұтам. Оның еңбекқорлығы мен елге деген адалдығы бізге әрқашан үлгі».
#МойПрадедГерой акциясы аясында қатысушылар өз аталары туралы әңгімелеп, фотосуреттер мен архивтік деректерді жариялады. Бұл хикаялар Ұлы Отан соғысына қатысқан жандардың өмір жолын жас ұрпаққа жеткізудің әсерлі форматына айналды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев өз Facebook парақшасында Ұлы Отан соғысының ардагері болған досы туралы тебірентерлік естелігімен бөлісті:
«Мен сіздерге бірнеше рет үйінде қонақта болған, жақын араласқан, ерекше құрмет тұтатын адам жайлы айтқым келеді. Оның аты — Гирш Леонид Юзефович. Бұл кісі – нағыз аңыз адам. Ол – майдангер, ақын, жазушы. 1941 жылдан 1945 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысып, Оңтүстік-Батыс майданында жауынгерлік қызмет атқарған. Ол Сталинград шайқасының қанды майданында, Курск доғасындағы танк соғысында, Днепрді кешіп өту кезінде, Украина, Польша, Чехословакияны азат ету ұрыстарына қатысқан. Тіпті Берлинді шабуылдауға қатысып, Рейхстаг колонналарына өз қолтаңбасын қалдырған! Өкінішке орай, бүгінде ол кісі арамызда жоқ. Бірақ мен сондай адаммен дос болғаныма мақтанамын. Оның үйінде отырып, соғысты көзімен көрген куәгердің әңгімелерін тыңдау – мен үшін ұмытылмас сәттер. Соғыстан кейін ол өз майдандастарының ерліктері туралы өлеңдер мен кітаптар жазып, бар өмірін солардың рухына арнады. Ол маған сол күндердің ауыртпалығын, көзбен көріп, жүрекпен сезген сәттерін айтып берген еді... Мұндай ержүрек адамдарды кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Сондықтан мен осы челленджге қосылып, мен үшін нағыз ерліктің символына айналған жауынгердің Жеңіс туралы тарихын айтып отырмын!»
Сондай-ақ, өзінің отбасы жайлы жүрек тебірентерлік естелігімен Диана Намолиновская есімді қолданушы да бөлісті. Ол өзінің жазбасын ардагер атасы Гавриилге арнады:
«Қымбатты ата Гавриил, сенімен тілдесіп үлгермегеніме қатты өкінемін. Бірақ сенің есімің біздің отбасымызда қасиетті аманаттай сақталады. Сен майданға өте жас күйіңде аттанып, аман оралатыныңды да білмедің. Жауынгерлік жорықтардан өттің, суық пен үрейге, жоғалтулардың азабына төздің. Бірақ соның бәрінен соң қайта тұрып, алға баса бердің. Саған қатысты айтылған естеліктерде сен тек солдат емес, кең пейілді адам болғаның айтылады – соңғы нанынды бөліскен, хат жаза алмаған жолдастарыңның орнына үйге хат жазып берген, үнемі үйге оралуды армандаған екенсің. Сен оралдың. Үй тұрғыздың. Балаларыңды өсірдің. Енді сенің немере, шөберелерің – бәрі сенің кім болғаныңды біледі. Жыл сайын Жеңіс күні мен іштей саған алғыс айтамын. Өмір үшін, төзімділік үшін, Жеңіс үшін рақмет, ата!»
Челлендждерге танымал блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуы — жастар арасындағы қызығушылықты арттырып, акцияның кең ауқымда таралуына ықпал етті.
Мұндай бастамалар тарихты ұлықтап қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Әрбір жас өз отбасының тарихын мақтанышпен айтып, «Мен — батырдың ұрпағымын» деуге мүмкіндік алады.