Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында қазақстандық өндірушілердің дәстүрлі «Ulttyq Onim» көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Даму» Қоры.
Көрменің ашылуына ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов, ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Даму» Қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева, сондай-ақ Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушы – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ. Көрмеге микро, шағын және орта бизнестің 350-ден астам өкілі қатысуда. Олардың барлығы Қор арқылы мемлекеттік қолдау алған.
Салтанатты шарада сөз алған Әлихан Смайылов бүгінде Үкімет кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді шараларын жүзеге асырып жатқанын атап өтті. «Мәселен, соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ЖІӨ үлесі 27%-дан 33%-ға дейін өсті», - деді Премьер-Министр.
Премьер-Министр сондай-ақ, мемлекет басшысының шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялауы бизнес жүргізуге үлкен жеңілдік еткенін атап өтті.
Тек өңдеу өнеркәсібіндегі импорттың үлесі өткен жылы 38 млрд долларды құрағанын ескерсек, кәсіпкерлер үшін импорт алмастыру – ең басты бағыттардың бірі болып отыр.
«Бұл қазақстандық өндірушілер үшін өз бизнесін дамытуға және жаңа тауар өндірісіне инвестиция салуға тамаша мүмкіндік. Бүгінде Үкімет 717 инвестициялық жобадан пул құрды, оның 286-сы 9,9 трлн теңгелік импортты алмастыратын жобалар», - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы 2022 жылы 1,7 трлн теңгелік 165 жобаны іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Әрбір осындай жобаның айналасында шағын және орта бизнес компаниялары ортасы дамитын болады.
Ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін Премьер-Министр көрме залында болып, отандық тауар өндірушілердің стендтерімен танысты.