Қазақстанда алғаш рет астықты терең өңдеу негізінде автокөлікке арналған БИ-95 отыны өндірісі іске қосылды. Жобаны KazFoodProducts холдингі жүзеге асырып отыр.
Биоэтанол Солтүстік Қазақстандағы BioOperations кәсіпорнында өндіріледі. Бұл кешен бидайды жоғары технологиялық деңгейде өңдеп, қосылған құны жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Соңғы дайын өнім – БИ-95 отыны – BioPetrolCompany базасында шығарылып, нарыққа ұсынылды.
БИ-95 құрамында 5-10% биоэтанол бар бензин. Ол октан санын сақтай отырып, экологиялық көрсеткіштерді жақсартады. Мұндай отынды қолдану үшін көліктерді жаңғырту қажет емес – сынақтар оның қуаты мен тиімділігі дәстүрлі бензин деңгейінде екенін көрсетті.
Әлемдік тәжірибеде биоэтанол қосылған отын ЕО, АҚШ және Жапонияда жиырма жылдан астам уақыт бойы қолданыста. Қазақстан да осы бағытқа кезең-кезеңімен көшуде: 2022 жылдан бері BioOperations өнімдері Еуропа мен Ұлыбританияға экспортталып келеді.
Жоба жетекшісі Лаура Бергібаева: «БИ-95-ті іске қосу – экологиялық қадам. Бұл шығарындыларды айтарлықтай азайтады, әсіресе Алматы сияқты ауа сапасы өзекті қалалар үшін маңызды», – деді.
Экологиялық әсері де айтарлықтай:
- ұсақ бөлшектер шығарындылары 70%-дан астамға азаяды;
- азот оксидтері 25%-ға төмендейді;
- парниктік газдар 60-70%-ға дейін қысқарады.
Қазіргі уақытта БИ-95 отыны бөлшек саудаға шығарылды.





