Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Аурухананың бұрынғы бас дәрігері 115 млн теңгені талан-таражға салды деп айыпталды

Аурухананың бұрынғы бас дәрігері 115 млн теңгені талан-таражға салды деп айыпталды

Түркістан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеу мәліметінше, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алуды жасанды түрде бірнеше лотқа бөліп, көптеген келісімшарттар жасау арқылы жүзеге асырған. Схеманы іске асыру үшін ол медициналық жабдық жеткізумен айналысатын танысын тартқан.

Күдікті өзіне бағынышты адамдардың, туыстары мен таныстарының атына рәсімделген компанияларды пайдаланып, олардың атынан қымбат бағамен жасанды коммерциялық ұсыныстар әзірлеген. Ал нақты жабдықты басқа компания жеткізгенімен, құжаттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген.

Компаниялардың есепшотына ақша түскен соң, күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөліскені анықталды. Мемлекетке келтірілген шығын – 115 млн теңге.

Жымқырудан түскен қаржыға күдікті Астанадан екі бөлмелі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.

Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылса, оның сыбайласы үй қамаққа алынған. Тергеу ҚПК-нің 201-бабы талаптарына сәйкес өзге мәліметтерді жарияламай отыр.

Ұқсас материалдар