Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бағдат Мусин Астанада пәтер аралап, роутер ауыстырып жүр

Бағдат Мусин Астанада пәтер аралап, роутер ауыстырып жүр
«Қазақтелеком»  АҚ Басқарма төрағасы, экс-министр Бағдат Мусин Астананың үйлерін аралап, интернет сапасын тексеріп, ескі роутерлерді ауыстыруға қатысып жүр. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.  

«Қазақтелекомға келгелі интернет сапасы туралы жан-жақтан сыни, жағымсыз пікірлер естіп жатырмын. Мәселенің нақты себебін анықтау үшін, түпкілікті зерделей бастадық. Арыз-шағымдардың барлығы жіті қаралды. Апта сайын клиенттердің үйіне барып модемнің қалай жұмыс істейтінін тексердім. Барлық жерде байқағаным – ескірген қондырғылар, бұл «ежелгі» роутерлер қажетті деңгейде интернетке жылдамдық та, сапа да бере алмайды. Нәтижесінде елімізде ескірген құрылғыдан сапалы өнім мен қызмет ала алмай отырған үйлердің көп екеніне көз жеткіздік» , деп жазды Мусин. 
Бұл мәселені шешу үшін компания «Сапа+» деп аталатын жобаны іске қосқан. Оның аясында ескі маршрутизаторлардың орнына секундына 500 мегабитті оңай таратуға қабілетті жаңа 300 мың тегін маршрутизатор орнатып бермекші. 

«Бұл процесті қазірдің өзінде бастап кеттік. Өткен сенбіде Астанада үй-үйді аралап, клиенттеріміздің жабдығын ауыстырдым. Компанияның барлық топ-менеджерлері клиенттерге өздері барып жатыр. Себебі сервистік компания үшін клиенттермен адал қарым-қатынастан қымбат ештеңе жоқ, әрі кеңседе отырған барлық әріптестерім қызмет көрсетудің бүкіл процесін түсінуі керек», деп жазады Мусин. 

Қазақтелком басшысы маршрутизаторды ауыстырған кезде айырмашылық бірден байқалады, мысалы,қазір пәтердегі WiFi жылдамдығы секундына 50 мегабит болса, жаңа маршрутизатормен 500 Мегабитке дейін өседі.

Мусин бұл жобаның басталуына ұлын ертіп барған.
«Ұлым екеуміз керемет жобаның тұсауын кестік бүгін. Қандай жоба? – деп сұрасаңыз. Алдағы дүйсенбі бөлісемін», деп жазған Қазақтелеком басшысы, дүйсенбі күні пәтерлерді аралап, роутер ауыстыруға қатысып жүрген видеосын салған. 

Айта кетейік, ел арасында Қазақтелеком қызметіне шағым көп. Мұны Бағдат Мусиннің «Сапа+» жобасы туралы жазбасының астындағы пікірлерден де байқауға болады. 

Фото: facebook.com/BagdatMussin

Ұқсас материалдар