Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бала туу мен күтіміне байланысты төлемдерге 692 млрд теңге бөлінді

Бала туу мен күтіміне байланысты төлемдерге 692 млрд теңге бөлінді

Қазақстанда 2025 жылы бала тууға және бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге жалпы 692 млрд теңге төленді.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері 508 мың адам әртүрлі мемлекеттік жәрдемақылармен қамтылған. Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны 286 мың адам алды, олар үшін республикалық бюджеттен 51,7 млрд теңге бағытталды. Тек қазан айында бұл төлемді 28,5 мың адам алып, 5,2 млрд теңге төленген.

Бала туған, асырап алған немесе қамқорлыққа алған азаматтар, сондай-ақ қандастар мен Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер осы жәрдемақыларға үміткер бола алады.

Бала күтімі бойынша төлемдер

Еңбекке қабілетті емес немесе МӘСҚ-қа қатыспайтын азаматтарға бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Есепті кезеңде бұл жәрдемақымен орта есеппен 124,7 мың адам қамтылып, оларға жалпы 36,4 млрд теңге төленді. Қазан айында 126,8 мың адамға 3,7 млрд теңге аударылды.

2025 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5% индекстелді. Бала тууына арналған жәрдемақы көлемі мынандай:

  • 1-3 балаға: 38 АЕК – 149 416 теңге

  • 4 және одан кейінгі балаларға: 63 АЕК – 247 716 теңге

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы:

  • 1 балаға – 22 648 тг

  • 2 балаға – 26 777 тг

  • 3 балаға – 30 866 тг

  • 4 және одан кейінгі балаларға – 34 995 тг

Жұмыс істейтін азаматтарға арналған әлеуметтік төлемдер

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жүктілік пен босануға байланысты кірістен айырылған жағдайда МӘСҚ тарапынан әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріске және демалыс күндерінің санына байланысты есептеледі.

2025 жылдың басынан бері бұл төлемді 175,1 мың адам алып, жалпы көлемі 245,3 млрд теңге төленді. Қазан айында 17,8 мың адамға 17,4 млрд теңге аударылды. 10 ай ішінде аталған төлемнің орташа мөлшері 1 457 321 теңгені құрады.

Сонымен қатар, МӘСҚ жұмыс істейтін ата-аналарға бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірістен айырылған жағдайда ай сайынғы төлем тағайындайды. Оның көлемі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Егер бірнеше бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке есептеледі.

2025 жылдың 10 айында бұл төлем 208,2 мың адамға тағайындалып, жалпы сомасы 358,6 млрд теңгені құрады. Қазан айында төлемді 18,8 мың адам алып, айлық төлемдер көлемі 34,5 млрд теңге болды. Орташа айлық төлем – 86 493 теңге.

Ұқсас материалдар