
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда банк карталарын үшінші тұлғаларға беру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
ҚР Қылмыстық кодексіне жаңадан қосылған 232-1-бап – дропперлік (dropper) деп аталатын құқықбұзушылыққа қатысты. Енді мынадай әрекеттер қылмыс болып саналады:
- Банк шоты, төлем немесе сәйкестендіру құралдарын заңсыз беру немесе алу;
- Бөтен адамға банк картасын ақылы немесе ақысыз түрде беру;
- Картаны заңсыз төлемдер мен ақша аударымдары үшін пайдалану.
Бұл – интернет-алаяқтықтың кең таралған әдістерінің бірі. Қаскүнемдер ұрланған ақшаны үшінші тұлғалардың шоттары арқылы заңдастырып, қолма-қол ақшаға айналдырады.
Қандай жаза қарастырылған?
232-1-бап бойынша жаза құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді:
- Айыппұл салынуы мүмкін;
- Мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұл өзгерістердің мақсаты – кибералаяқтықпен жүйелі күрес жүргізу, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ цифрлық қылмыстық топтардың жолын кесу.