
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 226 млрд теңгесі банктердің ұзақмерзімді облигацияларына инвестицияланған.
Ұлттық банктен бұл қаржының тұтынушылық кредитке бағытталмай, экономиканың нақты секторын несиелеуге жұмсалуы қалай бақыланатынын айтты.
«Банктер тартқан қаражатты мақсатты пайдалану Қазақстан қор биржасының сайтында орналастырылатын облигация шығару проспектісімен бекітілген. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп тартылған қаражатты банктердің қалай игеріп жатқанына мониторинг жүргізеді», – делінген ресми жауапта.
Банктерге талаптар сақталмаған жағдайда жүктелетін жауапкершілік те айқындалған.
«Мәселен, облигациялар проспектісінде белгіленген ковенанттар бұзылған, оның ішінде олар тартылған қаражат уақтылы игерілмеген жағдайда, банк игерілмеген немесе мақсатсыз пайдаланылған қаражатқа БЖЗҚ алдындағы облигацияларды мерзімінен бұрын өтеуге міндетті», – дейді Ұлттық банктен.
Бұған дейін 2025-2026 жылдары БЖЗҚ-ның 1,5 трлн теңгесін нарық шарттарымен квазимемлекеттік сектордың құнды қағаздарына бағыттау туралы бағдарлама қабылданған болатын.