Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті бюджет қаражатын ұрлау ісі бойынша түсініктеме берді
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тексеру қорытындысы бойынша жалған тұқым себу және егіс алқаптарын өңдеу арқылы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықталды, деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Келтірілген шығын 43,8 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде.
«Тағы бір жағдайда университетке тиесілі 7,9 миллион теңгеге коммерциялық үй-жайларды жалға беру кезінде алаяқтық фактілері анықталды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Мұндай фактінің болғанын университет тарапы да растап, хабарлама таратты.
«Университетте 2020 жыл ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру аясында бюджет қаражатын жымқыру фактілері жасалған. 2020 жылы Университет пен «Ai-Tall» ЖШС арасында (5,8 млн. теңге сомасына «амиак селитрасын» сатып алу бойынша), «КемалханСтройЭлит»ЖШС-мен (15,8 млн. теңге сомасына «аммофос» сатып алу және жеткізу бойынша) және «ҚазТрайдСнаб» ЖШС-мен (22 млн. теңге сомасына «қант жүгерісі» тұқымын сатып алу және жеткізу бойынша) келісімшарт жасалған. Жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша тұқым себу және себу орындарын өңдеуді растау актісін жалған жасау фактілері анықталды. «ДарМирАудит» ЖШС жүргізген қорытындыға сәйкес университет мемлекетке 43,8 млн. теңге көлемінде залал келтірді», деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, 2012-2022 жылдар аралығында «Дана» ЖК коммерциялық үй-жайларды тұрақты түрде жалға алған, алайда ай сайынғы жалдау ақысы университеттің бұрынғы қызметкеріне қолма-қол ақшамен және мобильді аударымдармен беріліп отырған, университеттің есеп шотына түспеген.
«ҚазҰАЗУ басшылығы университет қызметін ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес қалпына келтіру бойынша барлық шараларды одан әрі жүргізетін болады», дейді баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, қазіргі кезде университетті Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Ақылбек Күрішбаев басқарады. Оған дейінгі ректор Тілектес Есполов университетті 21 жыл басқарып, 2022 жылы қызметінен кетті.