Қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарының жеткіліктілік шегін есептеу тәртібі 5 маусымнан бастап өзгереді.
Осыған байланысты қазіргі талаптар бойынша зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға өтінім беруге бүгін соңғы мүмкіндік бар.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесін өзгерту туралы қаулыға қол қойған болатын. Жаңа әдістеме бойынша есептеу кезінде азаматтың жасы, өмір сүру ұзақтығының болжамы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақ жарналар мен инвестициялық кірістілік сияқты көрсеткіштер ескеріледі.
Бұл өзгерістер болашақта зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін БЖЗҚ шотында қалуы тиіс ең төменгі соманы нақтылауға бағытталған. Ал белгіленген шектен асатын қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе басқа да заңда көзделген мақсаттарға пайдалануға болады.
Өтінімдерді enpf-otbasy.kz платформасы арқылы жолдауға болады. Отбасы банк өтінімнің қолданыстағы шарттармен қаралуы үшін оны 4 маусым күні аяқтап, қол қойып, жіберуге кеңес береді. Осы мерзімнен кейін берілген өтінімдер жаңа талаптар негізінде қаралады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі сақталатынын мәлімдеген. Сонымен бірге ол зейнетақы жүйесінің басты мақсаты азаматтарды зейнет жасына жеткеннен кейін қаржылық қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Осылайша, БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегінен асатын қаражатын қазіргі талаптар бойынша пайдаланғысы келетін азаматтар үшін бүгін шешуші күн болып отыр.





