Changan концерні Huawei-мен бірге Қытайдағы ең ірі «цифрлық интеллектуалды зауытты» іске қосты. Бұл туралы концерн БАҚ-на хабарлады.
Чунцинде орналасқан зауыттың ауданы 410 мың шаршы метрді құрайды. 1400 роботпен, 650 автономды көлік құралы (AGV) және 200-ден астам автоматтандырылған жұмыс станциясымен жабдықталған зауытта жаңа Avatr 07 кроссоверін құрастыру қазірдің өзінде басталып кеткен. Сонымен қатар Deepal S05 және Changan Qiyuan E07 модельдерін шығара бастайды.
«Зауыт әр тұтынушыға өз көлігін жеке және бірегей етіп жасауға мүмкіндік беретін икемді өндіріс әдістерін қолданады. Әр адам көлік үлгісінен бастап түсіне, конфигурациясы мен қосымша опцияларына дейінгі көлік параметрлерін өз бетінше таңдай алады. Бұл әдіс бір желіде әртүрлі маркалар мен үлгідегі автокөліктерді бір уақытта шығаруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Changan концерні.
Өндірістің барлық кезеңдерін бір компьютер арқылы нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік беретін архитектураны Huawei компаниясы әзірлеген. China Unicom телекоммуникациялық компаниясы кәсіпорындарды 5G технологияларымен қамтамасыз етеді.
Жасанды интеллект арқасында зауыт шешім қабылдау процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін, өзін-өзі оқыту мүмкіндігіне ие.