Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

ЕҚДБ Қазақстанға биыл 1,3 млрд еуроға дейін инвестиция салуы мүмкін

ЕҚДБ Қазақстанға биыл 1,3 млрд еуроға дейін инвестиция салуы мүмкін

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына салатын инвестиция көлемін 1,3 млрд еуроға дейін жеткізуі мүмкін.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Астанада өткен Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо, ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларден және Marubeni Corporation компаниясының басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен кездесті.

ЕҚДБ президентімен өткен кездесуде құрылыс, көлік, өнеркәсіп және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, жасанды интеллект, қаржы саласындағы ынтымақтастық пен бизнесті қолдау мәселелері талқыланды.

Олжас Бектенов Банктің Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартуға және экономиканың тұрақты дамуына қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін ЕҚДБ елімізде шағын және орта бизнес, қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында жалпы құны 12,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 354 жобаны қаржыландырған.

Өз кезегінде Одиль Рено-Бассо биыл Қазақстанға салынатын инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетуі мүмкін екенін айтты. Қазіргі таңда банк 800 млн еуродан астам қаржыға жобаларды қаржыландырып үлгерген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,3 млрд еуродан асуы ықтимал.

Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық серіктестікті кеңейтіп, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.

Сонымен қатар Премьер-министр ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен мұнай-газ саласындағы стратегиялық жобалардың жүзеге асырылуын талқылады. Компания Қазақстандағы Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы сияқты ірі жобаларға қатысып келеді. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Marubeni Corporation компаниясының басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен кездесуде энергетика, өнеркәсіп және инвестиция салаларындағы қазақ-жапон әріптестігін нығайту мәселелері сөз болды. Тараптар екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан экономикасының басым секторларына инвестиция тартуды жалғастыруға және өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Ұқсас материалдар