Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Елдің оңтүстігінде 103 канал цифрландырылмақ

Елдің оңтүстігінде 103 канал цифрландырылмақ

Биыл Ислам даму банкінің қолдауымен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 103 канал цифрландырылады.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінде өткен алқа отырысында айтылды. Ведомствоның мәліметінше, өткен жылы 53 инфрақұрылымдық жоба аяқталып, 677 шақырым ирригациялық жүйе салынды, реконструкцияланды және тазартылды. Сондай-ақ 4 су қоймасы жаңғыртылып, 15 топтық су құбыры мен 3 гидротехникалық нысан қайта жөнделді.

Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен 46 жоба аясында 502 км канал жаңартылса, Ислам даму банкінің 9 жобасы бойынша 600 км-ге жуық канал реконструкцияланды.

Сонымен қатар Дүниежүзілік банкпен бірге Солтүстік Арал теңізінің климаттық тұрақтылығын арттыруға бағытталған жоба әзірленген.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Кемінде 3,5 мың км канал цифрландырылып, 2028 жылға дейін барлық каналдар толық цифрлық форматқа көшірілуі тиіс.

Қазіргі таңда ел бойынша 277 елді мекен немесе 514 мың адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2026 жылы тағы 12 жоба аяқталып, шамамен 540 мың тұрғыны бар 142 ауылға сапалы ауыз су жеткізу көзделіп отыр.

Ұқсас материалдар