
«Ембімұнайгаз» (ҚазМұнайГаз еншілес компаниясы) «Жайықмұнайгаз» басқармасында ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға бағытталған ірі жобаны аяқтады.
Оңтүстік-Батыс Қамысты кен орнында қуаты 4,8 МВт болатын газ поршенді электр станциясы (ГПЭС) салынды және іске қосылды. Бұл станция Оңтүстік-Батыс Қамысты, Оңтүстік-Шығыс Новобогат және Жаңаталап кен орындарына электр энергиясын жеткізеді.
Жобаның басты мақсаты – ілеспе газды тиімді пайдаланып, кен орындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету. Осы арқылы мұнай өндіруші компаниялар сыртқы электр желілеріне тәуелділігін азайтып, электр энергиясына жұмсалатын шығынды едәуір қысқартуға мүмкіндік алды. Электр энергиясын сатып алу 55%-ға үнемделеді.
Бұл жоба «Ембімұнайгаз» компаниясының экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық тиімділік принциптеріне толық сәйкес келеді. Болашақта осы жобаны басқа кен орындарда да енгізу жоспарланып отыр.