
Электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін электромобильдерге шектеу қою ұсынылды.
Энергетика министрлігінің сайтында 2022 жыл қорытындысында елдегі осы көлік түрінің саны 451 дананы құрайтыны айтылса, бірақ бұл көрсеткіш екі есеге асып, 812-ге жеткен еді.
Ал, келесі 2023 жылдың сәуірінде электрокарлардың саны 2025 жылдың болжамды межесінен де асып түсіп, 2 472-ні құрады.
Сондай-ақ энергетика ведомствосының жорамалынша, сонау 2030 жылы республикада шамамен 6 267 электромобиль тіркеледі деп күтілді. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында олардың саны 12 587-ге жеткен. Яғни, 2030 жылдың болжамынан қазірдің өзінде 2 есеге көбейіп, 13 мыңнан асып кеткен.
Осылайша, көліктің бұл түрінің саны 2021 жылғы 500-ден биыл 13 мыңға дейін, бірден 26 есеге көбейіп шыға келді.
Аталған болжамда Энергетика министрлігі 2035 жылы Қазақстанда шамамен 40 мың электромобиль тіркеледі деп болжанса, 2035 жылға қарай электрокарлар саны 1 миллионнан асып кетпек.
Бұл қарқынды көрсеткіштен үрейленген депутаттар Үкіметке хат жолдады. Ал кейбір сарапшы АЭС салынып, қуат артылғанша, электрокарларды әкелуге уақытша тыйым салуды ұсынған-ды.
«Электромобильдер санының көбеюі электр желілеріне қосымша жүктеме түсіреді. Қазіргі таңда еліміздің электр желілері қатты тозған, бұл болашақта апаттық жағдайларларға әкеліп соқпай ма? Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?», – деп сұрады Үкіметтен Мәжіліс депутаттары.
Энергетика министрлігі қалаулыларды қаумалаған қалың ойды тіптен қоюлатып, отқа май құя түсті.
«Электромобильдер санының өсуімен бірге электр энергиясына деген сұраныс та тек өсе береді. ҚР Энергетика министрлігінің есептемелеріне сәйкес, орташа алғанда 1 электромобиль жылына 3 мың 400 кВт/сағат қуат тұтынады. Ал, 2035 жылға қарай электромобиль секторының жыл сайынғы тұтынысы 136 миллион кВт/сағаттан асып кетеді. Бұл динамика автомашиналардың өсуінің тек орташа көрсеткіші негізінде есептелді», – делінген «Астана» халықаралық қаржы орталығының «Электромобильдер: әлемде және Қазақстанда, сондай-ақ олардың парник газдарының шығарындысын азайтудағы рөлі» атты есебінде.
Ал, егер электрокарлардың саны 1 миллионға жетсе, олар жылына 3,4 миллиард кВт/сағат энергия шығындайтын болады. Депутаттардың шыр-пыр болуының бір себебі де осы.
Үкімет болса, электрокарларға араша түсті. Депутаттарға жауабында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр көліктің бұл түрінің электр желілеріндегі жүктемені ұлғайтпайтынына және авариялық жағдайларға соқтырмайтынына сендіруге тырысты.
«Электрлік қуаттау станцияларын (ЭҚС-ты) электр желілеріне қосу – олар өздерінің қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін техникалық шарттарды орындаса ғана жүзеге асырылады. Бұл талаптар артық жүктемелердің, апаттардың және тұрақты жұмысқа кедергі келтірер ақаулардың алдын алуға бағытталған. Сондықтан ЭҚС-ты бірыңғай электр жүйесіне қосу оның тұрақтылығына қауіп төндірмейді және электр энергиясын тұтынудың күрт өсуіне әкелмейді», – деп мәлімдеді №1-ші вице-премьер Скляр.
Бірақ Скляр қуат тапшылығының туындау қаупі онсыз да барын жасырмады.
«Нақтылағанда, 2024 жылы "2024-2030 жылдар кезеңіне арналған бірыңғай электр энергетикалық жүйедегі электр энергиясы мен қуаттың болжамды балансы" бекітілді. Болжам бойынша 2030 жылға қарай электр энергиясын тұтыну деңгейі 28 484 МВт-қа жетеді. Салыстырсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш – 21 851 МВт болды. Бұл баланс тұтынудың өсуін, жаңартылатын энергия көздерінің енгізілуін және энергия тиімділігінің артуын ескере отырып, жыл сайын қайта қаралады», – деді Роман Скляр.
Яғни, қуат тұтыну алдағы 5 жылда 6 633 МВт-қа дейін өседі. Егер энергия көздерін арттырмаса, қазіргі қажеттіліктің өзін өтемей отырған, салдарынан, мемлекетті көрші Ресей мен Қырғызстаннан электр импорттауға мәжбүр еткен қолданыстағы қуаттылықтар алда тек өсе беретін тапшылықты жаба алмайды.