Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Нидерланды 160 млн еуролық жаңа жобаларды іске асырады

Қазақстан мен Нидерланды 160 млн еуролық жаңа жобаларды іске асырады
Қазақстан мен Нидерланды арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегацияның Нидерландқа жұмыс сапары аясында өткен Қазақстан–Нидерланды бизнес-форумында жалпы құны 160 миллион еуро болатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдер жасалды.

Форум Амстердамда өткен халықаралық GreenTech көрмесі аясында ұйымдастырылып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға арналған негізгі алаңдардың біріне айналды. Іс-шараға агроөнеркәсіп, логистика және азық-түлік өндірісі салаларындағы ондаған компания қатысты.

Министр Арман Шаққалиев қол жеткізілген келісімдер екі ел бизнесінің өзара қызығушылығы жоғары екенін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан еуропалық нарықтарға сапалы өнім экспортын ұлғайтып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайын.

Нидерланды бүгінде Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі сауда серіктестерінің бірі саналады. Биылғы жылдың алғашқы екі айында екі ел арасындағы тауар айналымы 970 миллион АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,9 пайызға артқан. Қазақстан экспорты 930 миллион доллардан асып, 65 пайыздық өсім көрсеткен.

Сапар барысында қазақстандық делегация тұқым шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттау, сапаны бақылау және логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Еуропадағы ең ірі теңіз порттарының бірі – Port of Rotterdam базасында қазақстандық өнімдерді еуропалық нарықтарға жеткізу мүмкіндіктері қарастырылды.

Келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар Орта дәліздің Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалындағы маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Damen Shipyards Group компаниясымен Маңғыстау облысында кеме жасау және кеме жөндеу кластерін құруға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, жылыжай шаруашылығы, тұқым өндірісі және заманауи агротехнологияларды енгізу бойынша бірқатар инвестициялық жобалар талқыланды.

Сапар қорытындысында Қазақстан мен Нидерланды ауыл шаруашылығы, логистика, инновациялық технологиялар және халықаралық сауда салаларындағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге ниетті екенін растады.

Ұқсас материалдар