Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тергеген.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушы азаматтарды «WornerBros» платформасы арқылы табыс табуға болады деп сендірген. Жоба қатысушыларға қысқа бейнероликтер мен фильмдерді қарау арқылы ақша табуға мүмкіндік беретінін айтып, оларды жүйеге тартқан.
Салымшылар арнайы рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейін жететін түрлі VIP-пакеттерді сатып алған. Ұйымдастырушылар қатысушыларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табуға болатынын уәде еткен.
Сонымен қатар жобаға жаңа адамдарды тартқан әрбір қатысушыға қосымша сыйақы төленіп отырған. Осылайша қаржы пирамидасының жұмысы рефералдық жүйе арқылы кеңейтілген. Жобаны насихаттау үшін WhatsApp мессенджеріндегі топтар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және арнайы кездесулер пайдаланылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, тергеу барысында салымшылардан жиналған қаражатты қабылдау және аудару үшін қолданылған криптовалюталық әмияндар анықталған. Соттың санкциясымен жалпы көлемі 3 миллион USDT болатын криптоактивтерге тыйым салынды.
Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған 24 азаматтың азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды жоғары табыс уәде ететін күмәнді инвестициялық жобаларға қаржы салмауға және қаржы пирамидаларының белгілеріне мұқият назар аударуға шақырды.





