Еуропа Одағы 2027 жылдың соңына дейін Ресейден келетін газ импортын толық тоқтатпақ.
Бұл туралы Еуропарламенттің Threads әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарланды.
Шешім REPowerEU жоспары аясында әзірленген арнайы регламентке негізделген. Құжатқа сәйкес, Ресейден жеткізілетін сұйытылған табиғи газды (СТГ) импорттау 2026 жылдың басынан бастап кезең-кезеңімен қысқартылады. Ал 2027 жылдың қыркүйегінен кейін құбыр арқылы тасымалданатын ресейлік газды сатып алуға толық тыйым салынбақ.
Осылайша, 2027 жылдың соңына дейін Еуропа Одағы Ресей газынан мүлде бас тартуды көздеп отыр. Бұл бастаманы ЕО-ға мүше 27 елдің 25-і қолдады. Ал Ресей газына тәуелді Венгрия мен Словакия аталған шешімге қарсы дауыс берген.
Еуропарламент Ресейдің энергетикалық ресурстарды, әсіресе 2022 жылы Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін, саяси қысым құралы ретінде пайдаланып келгенін атап өтті. Қабылданған шаралар Еуроодақтың энергетикалық тәуелділігін азайтып, энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Енді регламентті Еуропарламент пен Еуроодақ Кеңесі ресми түрде бекітуі қажет. Айта кетейік, бұл стратегия ЕО деңгейінде 2025 жылдың көктемінен бері талқыланып келеді. Бұған дейінгі жоспар бойынша Ресей газын импорттау 2028 жылға дейін тоқтатылуы тиіс болған.





