Freedom Holding Corp. компаниясының 2025 қаржы жылының екінші тоқсанындағы кірісі 2024 қаржы жылының екінші тоқсанымен салыстырғанда (435,6 млн доллар) 33%-ға өсіп, 580,9 млн АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды холдинг.
Freedom Holding Corp. компаниясының таза пайдасы $114,5 млн құрап, 2023 жылдың 2-тоқсанымен салыстырғанда 0,9%-ға төмендеді. Саудадағы бағалы қағаздар бойынша таза пайда Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын сатудың арқасында 35%-ға өсіп, 68,3 млн долларға жетті. Сондай-ақ, сол кезеңде бағалы қағаздардың құнының өсуіне байланысты $65,9 млн көлемінде жүзеге асырылмаған таза пайда шықты.
Есепті кезеңде холдинг шетел валютасымен жасалған операциялар бойынша $6,5 млн таза пайда алды. Өткен жылы бұл көрсеткіш $3,7 млн таза шығынды құраған еді.
«Бұл өзгеріс негізінен $16,9 млн көлеміндегі шетел валютасын сату және сатып алудан түскен пайдамен байланысты болды. Бұл $10,4 млн көлеміндегі қайта есептеу шығынымен ішінара өтелді. Сондай-ақ Freedom Bank-тің шетел валютасымен операциялар көлемінің екі тоқсанда 78%-ға өсуінің арқасында жүзеге асты», – делінген мәлімдемеде.
Компанияның жалпы шығындары $452,413 млн құрады, бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 1,5 есе көп.
Холдингтің активтері қаржы жылының басынан бастап (2024 жылғы 1 сәуірден бастап) 6,2%-ға өсіп, $8,816 млрд, ал міндеттемелері 5,9%-ға артып, $7,553 млрд құрады.
Жыл басынан бастап акционерлік капитал 8,2%-ға өсіп, $1,263 млрд жетті.
Айта кету керек, Freedom Holding Corp. Невада штатында тіркелген және Қазақстан, АҚШ, Кипр, Польша, Испания, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты 22 елде кәсіпорындар мен еншілес компаниялары бар.
Freedom Holding Corp. компаниясының жай акциялары АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясында тіркелген және Nasdaq Capital Market биржасында FRHC белгісімен саудаланады, оның операторы Nasdaq, Inc.