Қаржы
Halyk Bank Қазақстандағы банктер арасында алғашқы болып жасыл облигациялар шығарды
Қаржы институтының хабарлауынша орналастырудан түскен қаражат табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды арттыруға, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға, климаттың өзгеруіне бейімделу мен оның салдарын жеңілдетуге ықпал ететін жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталады. Банктың жасыл қаржы саласындағы саясатына сәйкес, қаржыландыру үшін қолайлы жобалар Қазақстанның жасыл жобалар таксономиясына, халықаралық таксономияға және Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) Жасыл облигациялар қағидаттарына (GBP) негізделген.
Құбылмалы нарықтық жағдайларға қарамастан, Halyk өзінің алғашқы жасыл облигацияларын табысты орналастырып, инвесторлардың сеніміне ие болды. Бұл тек қаржылық құрал емес, сонымен қатар тұрақты экономиканы дамытуға нақты үлес қосу мүмкіндігі. Біз экологияға оң әсер ететін және ресурстарды жауапты пайдалануға ықпал ететін жобаларды қолдайтынымызға қуаныштымыз. 2022 жылы Halyk Қазақстан банктері арасында алғаш болып БҰҰ-ның жаһандық шартына қосылып, 2023 жылы TCFD ұсынымдарына сәйкес тұрақты даму туралы есеп жариялады. Жасыл облигацияларды шығару арқылы біз ESG-тәжірибелерін ендіруде тағы да көшбасшы атандық. Болашақта да экологиялық бастамаларға қатысу аясын кеңейтіп, Қазақстанның экологиялық таза әрі тұрақты дамуына өз үлесімізді қоса береміз, дейді Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.Облигацияларды шығару және орналастырудың қаржылық кеңесші және андеррайтері «Halyk Finance» АҚ.
Облигациялардың ICMA Жасыл облигациялар қағидаттарына сәйкестігін тәуелсіз бағалауды Green Investment Group жүзеге асырған.
Айта кетейік, Halyk Bank тұрақты даму саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. 2020 жылдан бері банк әлеуметтік осал топтардың жеке үйлерін газдандыру жобасын қаржыландырып, зиянды қалдықтарды азайтуға үлес қосуда. Сонымен қатар, банк ауылдық жерлердегі қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының серіктесі болып табылады. 2023 жылы бұл бағдарламаға 65 мыңнан астам адам қатысты.