2024 жылдың II тоқсанында қазақстандықтар жалпы салмағы 779,2 кг болатын 14 752 алтын құйма сатып алды, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында жалпы салмағы 816,4 кг болатын 18 969 алтын құйма сатылған еді. Осылайша, ағымдағы жылдың II тоқсанында сатып алынған құймалар салмағы 4,6%-ға азайды.
Алтын құймалары бес түрде: 5, 10, 20, 50 және 100 граммнан сатылады. Сатып алушылар арасында ең танымал құйма 100 граммдық. Оның жалпы сату көлеміндегі үлесі 25% - 46 007 дана. Одан кейін 10 граммдық құймалар - 45 781 дана (25%), 5 граммдық құймалар - 41 592 дана (22%), 20 граммдық құймалар - 29 796 дана (16%) және 50 граммдық құймалар - 22 119 дана (12%).
2024 жылдың II тоқсанында өлшемді құймаларды сатудың ең үлкен көлемін: Алматы (9 705 дана, 66%), Жетісу облысы (1 515 дана, 10%) және Шымкент (1 173 дана, 8%) тұрғындары сатып алды.
Алтынның өлшемді құймаларын сату және кері сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосты. Одан бері жалпы салмағы 7 тонна болатын 185 295 алтын құйма сатылған.
Бағдарлама іске қосылғаннан бері екінші деңгейдегі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттері кері сатып алу бойынша жалпы салмағы 1 тонна болатын 38 374 өлшемді құйманы қабылдады, бұл өлшемді құймаларды сатудың жалпы көлемінің 21%-ын құрайды.