Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Исламбек Салжанов: Ұлттық спортты жаңа белеске көтеру - біздің басты міндеттеріміздің бірі

Исламбек Салжанов: Ұлттық спортты жаңа белеске көтеру - біздің басты міндеттеріміздің бірі

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов өткен аптада Алматыда өнер, мәдениет, медиа өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды 7kun.kz.

Кездесу барысында қауымдастық президенті  өткен жылдары жүзеге асқан жұмыстары туралы айтып, алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті.

«Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Жыл басында Президент ұлттық спорт түрлерінің даму концепциясын әзірлеуді тапсырған еді. Қазір бұл бағыт бойынша қызу жұмыстар жүріп жатыр», деді Исламбек Салжанов.

Қауымдастық төрағасының айтуынша былтыр Ұлттық спорт қауымдастығына 6 федерация ғана кірген, бір жыл ішінде федерациялар саны 10-ға дейін артты. Сонымен қатар, бұрын қауымдастық жұмысы бір орталық жүйесі арқылы басқарылатын. Ал қазір, керісінше федерацияларға автономия беру стратегиясы қолданысқа енген.

Соңғы бір жылда спортшылар халықаралық жарыстардан 96 медаль жеңіп алған, оның 35-і алтын. Ал кәсіби, білікті мамандарды дайындау мақсатында ұлттық спорт түрлері бойынша мамандарды дайындау бағдарламалары әзірленген. Бүгінде екі бірдей жоғарғы оқу орнында екі мамандық түрі бойынша оқу бағдарламасы енгізілді. Сондай-ақ ұлттық спорттың жоғары мектебін ашу жұмысы  қолға алынған.

«Ұлттық спорт қауымдастығының тағы да бір маңызды бағыты – Қостанай жылқысының санын сақтап қалу және оның әрі қарай дамуы. Баршаңыз білесіздер, Қостанай жылқысы – еліміздегі жалғыз асыл тұқымды қазақ жылқысы. Осы мақсатта біз, Ұлттық спорт қауымдастығы, Парламент депуттарымен бірігіп Қостанай жылқыларын көбейту мақсатында заң жобасын әзірлеп, қазір Мәжілісте қаралып жатыр», дейді қауымдастық төрағасы.

«Ұлттық спортты кеңінен насихаттап жаңа белеске көтеру – біздің басты міндеттеріміздің бірі», деген төраға бұл бағытта ақпарат өкілдері арасында ALAMAN – медиа байқауы жарияланғанын,  халықаралық байқау келер жылдың наурыз айына дейін жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар осы жылы Ұлттық спорт қауымдастығының ютуб каналы ашылды. Каналдың мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау және ұлттық спорттың үздіктерін халыққа таныту.

Сондай-ақ, жуырда 10-шы АЛТЫН ТҰҒЫР номинациясы өтіп, ең мықты спортшылар мен бапкерлерді марапатталды.

Ал жобалардың ең маңыздысы – келесі жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық спорттың Олимпиадасына айналып келе жатқан Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының бағдарламасына спорттың 20 түрі кіреді. Айтулы шараға 100 мемлекеттен 3 мыңнан астам спортшы, 15 мыңнан аса шетелдік турист келеді деп жоспарланған.

Ойындар қарсаңында қаламгерлер арасында «ҚҰЛАГЕР» республикалық байқауы жарияланбақ. Еліміздің ұлттық мұрасының бірі ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыру мақсатында өтетін байқауға 7 бірдей аталым бойынша жүлде тігілмек.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінен бері  Ұлттық спорт қауымдастығының президенті қызметін белгілі кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов атқарады.  

Ұқсас материалдар