Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қайтарылған актив: Павлодар облысы ауылдарында медициналық нысандар салынады

Қайтарылған актив: Павлодар облысы ауылдарында медициналық нысандар салынады

Үкімет елімізге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Павлодар облысында медициналық нысандар салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 228 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

 Қаражат Екібастұз, Ақсу қалалары ауылдық округіндегі, сондай-ақ Ертіс, Железин, Тереңкөл ауданындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Екібастұз ауылдық округінің Бәйет ауылында 1983 жылы пайдалануға берілген жалғыз ФАП орнына фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарлануда. Ескі ғимарат жөндеуге жарамсыз деп танылды. Бүгінде елді мекенде 822 адам тұрады. Ертіс ауданында дәрігерлік амбулатория ашылады. Нысан санитарлық талаптар мен нормаларға сай жабдықталады. Аудандағы медициналық пункт мыңнан астам тұрғанға қызмет көрсетеді.

Қолданыстағы денсаулық сақтау нысандарының шалғай орналасуына байланысты Мыңкөл, Ивановка және Құркөл ауылдары да жаңа медициналық нысандар салуды қажет ететін елді мекендер тізіміне енгізілген. Оларға ең жақын аудандық емхана 18 шақырымнан 115 шақырымға дейінгі қашықта орналасқан. 

Ауылдарда тұрғылықты жері бойынша медициналық қызмет көрсететін жаңа медициналық пункттер салынады. Павлодар облысының елді мекендерінде 168 мыңнан астам тұрғын бар.

Жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу жұмыс істеп тұрған ұйымдарға түсетін жүктемені азайтып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

Ұқсас материалдар