Жаңалықтар
Қайтарылған активтер есебінен салынған алғашқы әлеуметтік нысан пайдалануға берілді

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, облыс әкімі Марат Ахметжанов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа дәрігерлік амбулатория - мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен қаржыландырылған және Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы әлеуметтік нысан болып отыр.
Қатысушылар ауыл тұрғындарын құттықтап, бұл медициналық мекеменің шалғайдағы елді мекендер үшін қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсетудегі маңыздылығын атап өтті.
Бұған дейін ауыл тұрғындары медициналық көмек алу үшін облыс орталығына немесе алыс ауылдарға баруға мәжбүр болған. Бұл, әсіресе, қарттар мен балалар бар отбасылар үшін үлкен қиындық тудырды.
Жаңа амбулатория бір ауысымда 45 адамды қабылдауға есептелген және Арнасай мен оған жақын ауылдарда тұратын екі мыңнан астам тұрғынды қажетті медициналық қызметпен қамтиды.
450 шаршы метрлік ғимарат толықтай заманауи жабдықтармен - ЭКГ аппараттарымен, дефибриллятормен, физиотерапия және оңалту құрылғыларымен жабдықталған. Бұл ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті сапалы түрде алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде қайтарылған активтер есебінен еліміз бойынша 333 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы қаржыландырылуда. Соның ішінде Ақмола облысында білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салалары бойынша 33 нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Аталған жобалар елді мекендердің дамуына және тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру - «Заң мен Тәртіп» идеологиясын тиімді ілгерілетумен үйлеседі.