Қарин: Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істеу деген сөз
Ішкі саясат – саяси технологиялардың жиынтығы әрі жалаң үгіт-насихат» деген түсінік ел ішінде кең таралған. Бұл – шындыққа еш жанаспайтын жаңсақ пікір. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин “Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері” атты мақаласында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды 7kun.kz.
- Мақаланың толық нұсқасын “Егемен Қазақстан” газетінен оқуға болады.
Мемлекеттік кеңесшінің жазуынша ел бірлігін, татулық пен бейбітшілікті, этносаралық және дінаралық келісімді сақтау арқылы тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекеттің ішкі саясатындағы негізгі басымдық болып қала береді. Ал осы саладағы жұмыс халықты ортақ мақсатқа ұйыстыру және ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үнемі тың әдіс-тәсілдер, тетіктер мен формалар ойластыруды талап етеді.
«Ішкі саясат – саяси технологиялардың жиынтығы әрі жалаң үгіт-насихат» деген түсінік ел ішінде кең таралған. Бұл – шындыққа еш жанаспайтын жаңсақ пікір. Мұның бәрі – саясаттың қосалқы құралы ғана. Ешқандай саяси технология халыққа етене жақындық пен ел-жұртпен қоян-қолтық жұмыстың орнын толтыра алмайды. Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істеу деген сөз, яғни адамдармен ашық әңгімелесіп, тұрақты диалог орнату қажет. Сонымен бірге, ысқырығы жер жаратын бәзбіреулерді көпшіліктің сөзін сөйлеп жүрген адам деп түсіну әбестік. Мұндай қателікке ұрынуға жол жоқ. Сондықтан диалогтің сындарлы, мазмұнды әрі мағыналы болғаны жөн», деп жазады мақалада.
Сондықтан қазіргі таңда мемлекеттік аппарат үшін барлық әлеуметтік топтармен және азаматтық қоғам өкілдерімен тікелей қарым-қатынаста болу – ең маңызды мәселенің бірі, екенін айтады. Өйткені қазір мемлекеттік қызметшілердің мүлде жаңа ахуалда жұмыс істеуіне тура келіп отыр. Бір жағынан, мемлекет олардың біліктілігіне, моральдық ұстанымы мен мінез-құлқына, тіпті процессуалдық-нормативтік міндеттеріне қатысты талаптарды күшейтіп жатыр. Екінші жағынан, халықтың да сұранысы арта түсті. Мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істей бастады. Түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар немен айналысып жатқанын елге көрсетіп, қызметін жан-жақты түсіндіру үшін көпшіліктің алдына жиі шығатын болды.
«Соның нәтижесінде мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілі өзгеріп, билік құрылымдары барынша ашық, ал шешім қабылдау үдерісі жариялы әрі тиімді бола түсті. Бұл, әсіресе таяуда болған алапат тасқын кезінде анық байқалды. Төтенше жағдай кезінде арнаулы апаттық-құтқару қызметтері, жергілікті әкімдіктер күндіз-түні жұмыс істеді. Мемлекет басшысы және Үкімет деңгейінде бірнеше шұғыл жиналыс өтті. Президент жағдайды бақылауда ұстау үшін қарғын судан ең қатты зардап шеккен аймақтарға арнайы барды. Жалпы, Мемлекет басшысының осындай төтенше жағдайлар кезінде қиындыққа тап болған отандастарымызбен үнемі кездесіп, сын сағатта оларға қолдау көрсетуге тырысатынын атап өткен жөн», дейді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол мемлекеттік аппарат қоғамның барлық саласындағы өзекті мәселелерді шешумен де, ауқымды реформаларды жүзеге асырумен де қат-қабат айналысу арқылы жаңа жағдайда жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтап жатқанын атап өткен.