
Қазақстанның Ұлттық банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, қаржы саласын реформалауға бағытталған заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеп жатыр.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов хабарлады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл агенттікпен бірге қаржы заңнамасын жетілдіру жөнінде реформа пакетін дайындап жатырмыз. Онда банк жүйесін дамыту, төлемдер саласы, бағалы қағаздар нарығы секілді негізгі бағыттар қамтылады. Сонымен қатар цифрлық қаржы активтерін реттеу, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын енгізу және төлем жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарланған, – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Президент бастамалары жүйелі түрде іске асырылатын болады.
– Ұзақ мерзімді әрі инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін баға тұрақтылығына да, қаржы тұрақтылығына да ерекше мән береміз, – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.